Мәдениет

Танымдық-тәрбиелік шара


“Туған жерім – алтын бесігім”. И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапханада әдеби-өлкетану кеш өтті. Шараны кітапхана жанындағы “Sana” клубының мүшелері ұйымдастырды.

АЛТЫНАЙ СЫЗДЫҚОВА, И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапхананың қызметкері:
– Шараның негізгі мақсаты – жастардың бойында патриоттық сезім қалыптастыру. Кітапханаға келушілердің санын көбейту, тәрбиелеу. Жерлес ақындардың шығармаларын дәріптеу. Көрмедегі кітаптарға қарасақ өлкетану әдебиетінде өңіріміздің көрікті жерлері жазылғаны өте көп.

Шараның құрметті қонақтарының бірі – Дәстен Баймұқанов. Азаматтың ұлттық өнерге сіңірген еңбегі орасан зор. Сонысымен қазіргі ұрпаққа үлгі. Дәстен Абылайұлы бүгін тыңдаушы қауымға өзінің өнегеге толы өмір жолы мен шығармашылығы жайлы кеңінен баяндап берді. Замандастарының бірі Арыстан Әкімжанов досының өзге қырларын айтты. Негізі, математика мамандығына оқыған екен, дегенмен бойындағы өнер мен тарихқа деген қызығушылық басым болыпты.

АРЫСТАН ӘКІМЖАНОВ, зейнеткер:
– Дәстен Баймұқановты тағы бір жақсы жағы қазіргі көп адамдар ес тоқтатқаннан кейін тарихпен айналысады. Дәстен 10-15 жасынан бастап қариялардың айтқандарын жазып алатын. Қазір оның архивінде әбден сарғайған қағаздары көп. Сегіз сері, Қожаберген жырау жайлы, өзінің атасы Шал ақын жайлы да көп дүние жинақтаған. Дәстен Абылайұлы өңіріміздегі ең беделді тарихшылардың бірі деп айтуға болады.

“Туған жерім – алтын бесігім” атты әдеби-өлкетану кешінде кітап көрмесі ұйымдастырылды. Мұнда Дәстен Баймұқановтың кітаптары қойылған. Алдағы уақытта бұндай танымдық-тәрбиелік шаралар аудандарда да өткізіледі.


Самал Жунусова