Мәдениет

Шығармашылық байқау

«Табиғат әлемі балалар көзімен». Облыс орталығында осындай атаумен облыстық шығармашылық байқау өтіп жатыр. Көрмеге 90-ға жуық ұл-қыздың таңдай қақтырар жұмысы қойылған. Бір әттегені, балалар және жасөспірімдер орталығында олардың авторларын кездестіре алмадық. Дегенмен, туындылар таныстырусыз-ақ кез келген жанның жүрегін жаулайды.

САЯН ЕРМЕК, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі:
– Байқау 2 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі аудандық және қалалық деңгейде өтті. Одан іріктеліп алынған жұмыстар бүгінгі таңда облыстық кезеңге қатысып отыр. Қазылар алқасы туындылардың таза орындалуына мән береді. Көбінесе ұл-қыздар 1-ші номинация бойынша қатысып жатыр.

1-ші номинация “Табиғат және қиял” деп аталады. Бұл аталым бойынша таяқшадан, бисерден жасалған туындыларды көруге болады. Ал мына жұмыстың авторы – Томирис Дәстенова. Теңіз әлеміне жаны жақын 14 жастағы шебер қыз су айдындарында кездесетін қабыршақтардың суреттерін салыпты. Көрмеге келушілер ұл-қыздардың туындыларын тамсана тамашалап жүр. Балалар өздеріне ұнаған еңбектерді бір-біріне көрсетуде.

– Көрме көңілімнен шықты. Маған, әсіресе, балық ұнады. Бұл туындылар балалардың біраз уақытын алды деп ойлаймын.
– Балалардың тырысқандары көрініп тұр. Өзім де шығармашылыққа жақынмын. Қолым бос кезде бисермен жұмыс істеймін.

2-ші номинация – “2023-ші жылдың символы өз қолыммен”. Мұнда суреті салынған және түрлі дүниеден жасалған қоянды көруге болады. Байқауға 7 мен 17 жас аралығындағы балалар қатысуда. Шығармашылық конкурс ертеңге дейін жалғасады. Жеңімпаздар дипломмен марапатталады.


Гульден Симбаева