СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Саха мен СҚО арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық

 

Саха Республикасының басшысы мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі экономиканың түрлі салаларында ынтымақтасуға келісті. Айдарбек Сапаров елордада Айсен Николаевпен кездесу өткізді, онда біздің өңірмен тиімді өзара іс-қимыл перспективалары талқыланды. Жалпы, қос тарап арасындағы қарым-қатынас ертеден бері жалғасып келеді. Бұл туралы өңір жетекшісі Айдарбек Сапаров кезекті кездесуде атап өтті.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Біз якут халқының көрнекті ұлы, мемлекет қайраткері Максим Кирович Аммосовты құрметпен есте сақтап келеміз. Ол 1930 жылы СҚО партиясы облыстық комитетінің бірінші хатшысы болып жұмыс істеді. Өнеркәсіп индустриясын құруға, Солтүстік Қазақстанда ауыл шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосты. Менің ойымша, бұл – қазіргі ұрпаққа үлгі.

АЙСЕН НИКОЛАЕВ, Саха Республикасының басшысы:
– 2022 жылы республикамыз 100 жылдық мерейтойын атап өтті. Әрине, осыдан кейін бірден Қазақстан Республикасына келіп, сіздермен кездесіп, достығымызды одан әрі нығайту өте маңызды оқиға. Оның үстіне өткен жылдың желтоқсан айында жерлесіміз Максим Кировичтің 125 жылдығы тойланды. Сіздің, Айдарбек Сейпілұлы және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының жерлесіміз туралы жылы естеліктерімен бөлісіп жатқаны біз үшін үлкен құрмет.

Солтүстік Қазақстанның егістік алқабы 4,5 млн гектарды құрайды. Соның 3 миллионына дәнді, 1 миллионына майлы дақылдар себіледі. Әлеуетті толық көлемде іске асыру үшін өңірімізде дәнді дақылдарды терең өңдеу жөніндегі еліміздегі бірден бір жалғыз “BioOperations” зауыты өз жұмысын жандандырды. Онда глютен, крахмал, жоғары ақуызды жем және биоэтанол өндіріледі. Өнім Бельгия мен Ұлыбританияның зауыттарына, глютен Үндістан, АҚШ, Нидерланды, Түркия және Ресей елдеріне жеткізіледі.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Сондай-ақ, біз бидайды терең өңдейтін 2 зауыт салуды жоспарлап отырмыз. Сіздің тарапыңыздан қызығушылық болып жатса бұл жоспарды бірге жүзеге асырудың амалдарын қарастыруға дайынбыз. Ол үшін бізде барлық қажетті жағдайлар бар, егер қатысуға ниет білдірген инвесторлар болса, өзара ынтымақтастыққа әзірміз.

Облыс аумағында 47 ұн тарту кәсіпорны жұмыс істеп тұр. Олардың жалпы қуаттылығы жылына 1 млн тоннаны құрайды. Майлы дақылдарды өңдейтін 4 зауыт бар. Егін шаруашылығынан бөлек өңір аграрийлері мал шаруашылығын да қолға алып, дамытуда. Солтүстік Қазақстан сүт өндіру және өңдеу бойынша бірінші орында. Соңғы жылдары 30 заманауи тауарлы-сүт ферма салынды. Сондай-ақ, инвесторлар ет комбинаттары мен бордақылау алаңдарын тұрғызып жатыр.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Біздің басты міндетіміз – АӨК өнімдерінің экспортын ұлғайту. Сондықтан, кәсіпорындардың өнімдері тек жергілікті нарықта ғана сатылып қоймай, экспортқа да шығарылады. Бүгінгі таңда біздің облыстың ауыл шаруашылығы кәсіпорындары астық және майлы дақылдар, ұн, азық-түлік, сүт және сүт өнімдері, крахмал, глютен, теңдестірілген жем-шөп қоспалары, құс еті, шошқа еті, шұжық өнімдері сияқты өнімдерді жеткізуді жолға қоюға дайын.

Жиын барысында өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық мәселелері де талқыланды. Жергілікті өнімдер – «Радуга» компаниясының халық тұтынатын тауарлары, «SMBGroup» фирмасының сусымалы және сұйық заттарды тасымалдауға арналған өнеркәсіптік ыдыстары, «Петропавл электротехникалық зауытының» трансформаторлары, мұнай-газ және энергетика салаларына арналған өнімдер, электротехникалық жабдықтар таныстырылды. Екі өңірдің өзара іс-қимыл тәжірибесін және Саха Республикасының табиғи-климаттық жағдайларын ескере отырып, Айдарбек Сапаров өзара тиімді сауда үшін көліктік логистиканы жандандыруды ұсынды. Мұны арнайы экономикалық аймақ қамтамасыз ете алады.

АЙДАРБЕК САПАРОВ,Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Бүгінгі таңда ресейлік бизнес-географиялық жақындықтың, дамыған логистикалық инфрақұрылымның және АЭА-ның тиімді преференцияларының, салық және кедендік баждардан босатудың, инфрақұрылымды жүргізудің арқасында аймаққа инвестиция салуға қатты мүдделі. Инвесторлар үшін барлық жағдай жасаймыз.

АЙСЕН НИКОЛАЕВ, Саха Республикасының басшысы:
–  Айдарбек Сейпілұлы, сіз ұсынған презентация өте қызықты. Мен өзім үшін ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп пен энергетикаға қатысты көптеген тармақтарды түртіп алдым. Кездесуде даму корпорациясының өкілі де бар. Жақын уақытта өз ұсыныстарымызды жасаймыз деген ойдамын. Біз үшін Қазақстанның солтүстік өңірі ретінде қандай да бір саланың, қандай да бір жабдықтың өте төмен температура жағдайында қалай жұмыс істеу керектігін жақсы түсінетініңіз өте маңызды. Бүгінгі кездесу үшін тағы да алғыс білдіргім келеді.

Кездесу соңында Солтүстік Қазақстан облысы мен Саха Республикасы арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік-гуманитарлық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Айта кетейік, Айсен Николаев Солтүстік Қазақстан облысының әкіміне жұмыс сапарымен өз еліне келуді ұсынды.


Алдияр Айтпаев