Қоғам

Кәсіпкерлікке ынтасы бар жастарға жеңілдетілген несие беріледі

 

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:
– 2022-нің 1-ші қыркүйегінде Мемлекет басшысы біраз тапсырма жүктеді. Саяси маңызды құжатта Президент жастарға баса назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкер қыз-жігіттерге қолдау көрсетіп, жеңілдетілген несие беру қажет деді.

Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы іске асырылып жатыр. Жастар кәсіпкерлігін қолдау бойынша несиелендірудің жаңа түрі пайда болды. Алдағы уақытта қыз-жігіттер 2,5% үстемақымен кредит алатын болады. Бағдарлама басымдылығымен жас кәсіпкер Әкежан Жұрымбай жақында толық танысып шығыпты. Азамат “Бұл мемлекет тарапынан жастарға беріліп жатқан тамаша мүмкіндік”,- дейді.

ӘКЕЖАН ЖҰРЫМБАЙ, жеке кәсіпкер:
–  Осы жылдан бастап қолға алынып жатқан бағдарлама. 2,5% үстемақымен несие беру арқылы елімізде жас кәсіпкерлердің қатары көбейеді. Бизнес-идеясы бар қаншама жас бар, бірақ қолдарында қаражат жоқ. Бұл мүмкіндікті пайдаланып қалу қажет. Жоба іске аса бастаса жеңілдетілген несиені барып алуға ниетім бар.

Жеке кәсібін ашу барысында Әкежан Жұрымбай да мемлекеттік қолдауға жүгініпті. Ол “Бастау бизнес” арқылы қайтарымсыз грант алып, өз ісін ашқан екен. Жалпы, 2,5%-дық жеңілдетілген несие алған жан оны 1,5 жылдан кейін төлей бастайды.

ӘКЕЖАН ЖҰРЫМБАЙ, жеке кәсіпкер:
–  Әр кәсіп пайданы бірден бермейді. Ол уақыт өте болатын дүние. Сол себепті, 1,5 жыл несие төлемеу арқылы кәсіпті аяққа тұрғызуға болады. Бұл керемет мүмкіндік.

Енді несиеге үмітті жастар нені және қандай талаптарды ескерулері керек?

АЛТЫНБЕК ӘНУАРБЕК, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлімінің бас маманы:
– Несие 5 жылға дейін, ауыл шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін беріледі. Максималды сомасы – 5 млн теңге. Жеңілдетілген кредит алуға дәмелі азаматтың кепілзаты болуы шарт. Сондай-ақ, салық органдарында жеке кәсіпкер ретінде кемінде 5 жыл тіркеуде болуы тиіс.

Жалпы, шағын несие алуға үмітті жастар Аграрлық несие корпорациясына жүгіне алады. Онда оларға тиісті құжаттар тізбесі ұсынылады және бизнес-жобалары бағаланады. Жалпы, биылғы жылы бұл жоба бойынша өңір жастарына жалпы сомасы 650 млн болатын 130 жеңілдетілген кредит берілмек. Айта кетейік, бағдарлама аясында қолдауға 21 мен 35 жас аралығындағы азаматтар ие бола алады.


Алдияр Айтпаев