Ауыл шаруашылығы

Аққайың ауданына 192 бас ірі қара жеткізілді

Алыстан көрінер шетелдік мына көліктер осыдан тура 1 апта бұрын жолға шықты. Олардың тізгініндегі жандардың мақсаты – Аққайың ауданындағы Власовка ауылына жету. Әр темір тұлпарға ондаған бас қашар тиеліпті. Мал сонау Австриядан әкелініп жатыр. Міне, мыңдаған шақырым артта қалды. Араға бірнеше минут салып темір тұлпарлар діттеген жерге жетті. Енді төраяқтылар “Гердт В.В” шаруа қожалығында бағылатын болады.

Көліктен тарс-тұрс етіп түсіріліп жатқан Зеңгі баба төлінің бәрі буаз. Олар алдағы 3-4 айда бұзауламақ. Айта кету қажет, өлкемізге ірі қара өңірді дамытудың кешенді жоспары мен облыс әкімінің тікелей тапсырмасы аясында жеткізіліп отыр.

РҮСТЕМ ЕЛУБАЕВ, Аққайың ауданының әкімі:
–  Асылтұқымды мал әкелінді. 192 бас симментал тұқымды құнажын жеткізілді. Ауданымызға 600 бас ірі қара әкелу тапсырылды. Бұл жұмысты әрмен қарай жалғастырамыз.

“Гердт В.В” шаруа қожалығының басшысы Владимир Гердт Австрияға ветеринар дәрігермен арнайы барып, қашарларды таңдап алған екен. Симментал тұқымды мал шетелде 1 ай карантинде тұрыпты. Ілкімді іс “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының” қолдауымен жүзеге асып отыр. Аталған ұйым кәсіпкерге төмендетілген пайызбен 230 млн теңге несие берген.

ВЛАДИМИР ГЕРДТ, “Гердт В.В” ШҚ басшысы:
– Несие 4 пайызбен берілді. 2 жылға жеңілдік кезеңі бар. Яғни, мен қарызды бірден емес, 2 жылдан соң қайтара бастаймын. Берешек 10 жылдың ішінде өтелуі тиіс. Біз үшін өте тиімді жоба. Мұндай бастамаларды әрбір кәсіпкер қолдануы тиіс. Симменталды тұқымды қашарлар бекерден-бекер таңдалған жоқ. Тәжірибе көрсеткендей, малдың бұл түрі жаңа ортаға тез үйренеді әрі сүтті мол береді.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
-Міне, 3-ші көліктегі төртаяқтыларды түсіру жұмысы басталып кетті. Мұнда 30-дан астам Зеңгі баба төлі бар. Солтүстік Қазақстанға жеткізілген қашарлар сәл үркіп тұрғандай. Алдағы уақытта бұл жерде күтім жасалады. Барлығы үйреніп кететіні айдан анық.

Түсіріліп жатқан малды ветеринар маман қарап тұрды. Алдағы уақытта бұл жандар түрлі ауруларға тексеріс жүргізбек.

СЕРІК БИБОЛСЫНОВ, Аққайың аудандық аймақтық инспекциясының басшысы:
– Зерттеп, қарап шықтық. Малдың жағдайы жақсы. Ауру малдар көрінген жоқ. Карантин 21 күнге созылады. Жоспар құрылды.

Шаруа қожалығының басшысы Владимир Гердт биыл тағы “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жүгініп, шетелден 200-ге тарта симментал тұқымды мал әкелуді мақсат етіп отыр. Ірі қара жақын күндері ашылатын заманауи тауарлы-сүт фермасында бағылатын болады.


Байболат Култанов

REL POST ID: