Мәдениет

Танымал жобаға қатысып жатқан облыстық филармония әртісіне қолдау қажет

Бұл күндері Махамбетәли Әбілдәні білмейтін адам кемде-кем. Талантты жас дауысымен талайды тамсандырып, өнеріне тәнті етіп жүр. Өткен жылдың жазында Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әншісі “XFactor Kazakhstan” жобасының іріктеу кезеңінде өз бағын сынап көрді.

Таланттың бұл өнері қазылар алқасындағы Ева Бехер, Ділнәз Ахмадиева сынды әншілер мен музыкалық сарапшы Нұрберген Махамбетовты тамсандырып та, таңғалдырып та үлгерді.

Алғашқы кезеңнен сүрінбей сәтті өткен Махамбетәлидің аяқ алысы жаман емес. Жас талант жобаның әр кезеңінде ең көп дауыс жинауда. Оның репертуары да жан-жақты. Өнерпаз шетелдік орындаушылардың да, еліміздің хит әндерін де шырқап жүр.

Қазіргі таңда өнер иесіне солтүстікқазақстандықтар мен отандастарымыздан бөлек алыс-жақын шетелдегі музыканттар да қолдау көрсетуде. Олар Махамбетәли ыстық лебіздері жазылған видео жазбаларды жарыса жолдауда.

Байқауға деген дайындыққа тума талант иесіне Екатерина Лапухина көмектесуде. Ақан сері атындағы облыстық филормонияның концертмейстері Махамбетәлимен 1 жыл бұрын танысып, бірлесе жұмыс істей бастаған.

ЕКАТЕРИНА ЛАПУХИНА, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның концертмейстері:
– Махамбетәлимен дайындаған репертуарымыз жан-жақты. Бұл халық әндері, романстар. Оның шеберлігі шексіз. Ынтасы болса ол кез келген орындаушының әндерін жүрекке жеткізе орындай алады.

Жалпы, Махамбетәли Әбілдәнің негізгі мамандығы – музыкалық театр әртісі. Қазіргі таңда ол қос сала тізгінін қатар алып жүр. Жас Ақан сері атындағы облыстық филармонияда ән айтады, сондай-ақ, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының сахнасында актер ретінде өнер көрсетеді. Дінмұхамбет Серікұлы – әншінің жақын досы. Екеуі де өнер жолдарын бірге Петропавлда бастапты.

ДІНМҰХАМБЕТ СЕРІКҰЛЫ, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:
– Махамбетәли – өте еңбекқор жан. Актерлік жағынан да, вокал тұрғысынан да мықты. Бірлесе талай жұмыс атқарғанбыз. Театрда бірге жүріп, әр нәрсені бастар алдында ақылдасатынбыз. Сәттілік тілеймін. Біз – бәріміз қолдаймыз.

Алматыда әр аптаның сенбісінде мыңдаған адамды өнеріне тәнті еткен Махамбетәлимен де тілдесіп көрдік. Телефон тұтқасы арқылы болған сұхбатымызда талантты жас оған қолдау көретіп жатқан барлық жанға өз алғысын білдірді.

 МАХАМБЕТӘЛИ ӘБІЛДӘ, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әншісі:
– Ең үлкен қолдауды әріптестерім беріп жатыр. Үлкен рахмет! “XFactor Kazakhstan” жобасы шығармашылық жағынан да, жеке өміріме де ықпал етуде. Білікті мамандармен таныстым. Жоспарым ауқымды. “XFactor Kazakhstan” жобасында жеңімпаз атанып, кейіннен “Жас қанат”, содан кейін “Қазақстан дауысы” жобасында бақ сынамақпын.

Уақыт өткен сайын “XFactor Kazakhstan” жобасындағы қатысушылар саны да азаюда. Демек, сын сағатта Махамбетәли үшін әр дауыс маңызды. Өнерпазға өз дауыстарыңызды беру үшін экранда көрсетілген нөмірге хабарласып немесе “Telegram”-ға өтсеңіздер болады. Махамбеттің реттік саны – 4. Дауыс беру әр сенбі сайын кешкі 7-ден бастап жүргізіледі.


Алдияр Айтпаев