Аптадағы маңызды жаңалықтарСпорт

Ербол Хамитов – әлем чемпионы

 

 

АЛТЫНАЙ ҚАЗИҚАН, тілші:
– Солтүстікқазақстандық Ербол Хамитов Швецияның Эстерсунд қаласында парашаңғы мен парабиатлоннан өтіп жатқан әлем чемпионатында тағы да жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл жолы жерлесіміз алтыннан алқа тағынды. Ол спринттік бәсекеде қарсыластарын шаң қаптырды. Бұрын-соңғы мұндай жетістікке ешбір теріскейлік жеткен емес.

ЕРБОЛ ХАМИТОВ, парашаңғыдан әлем чемпионы:
–  Ең әуелі бізге жеңіс сыйлаған Аллаға шүкіршілік етемін. Шаңғы спортына енді келгенімде қолдау көрсеткен жаттықтырушыларыма рахмет. Отбасым мен командама, жанымдағылардың баршасына алғысымды білдіргім келеді. Бұл – біздің ортақ жеңісіміз. Мұнымен тоқтап қалмаймыз, алда әлі де жарыстар бар. Кеше 900 метр спринттік бәсеке болды. Алдымен квалификациядан өттік. Одан соң жартылай финалға жолдама алып, екінші болып келдім. Финалда бірінші болып жеттім.

АЛТЫНАЙ ҚАЗИҚАН, тілші:
– Тартысты додада украиналық спортшы мәре сызығын екінші болып қиса, Бразилия өкілі қола жүлдені қанжығасына байлады. Айта кетейік, Ербол Хамитов – қаламыздағы “Үміт” мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының өкілі. Бұл орталық осыдан 10 жыл бұрын өз жұмысын бастады. Осы уақыт ішінде клуб мамандары Паралимпиада ойындарының жүлдегерін, Сурдолимпиада ойындарының жеңімпазын, енді міне, Әлем біріншілігінің чемпионын дайындады. Ел мерейін асырған толағайды кешегі жарыстан кейін бірден облыс әкімі Айдарбек Сапаров әлеуметтік желі арқылы құттықтады.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Ербол әлем біріншілігінің басты жарысында ерлік пен табандылық танытып, Швецияда туымызды көкке көтерді. Ербол Хамитовты, жаттықтырушыларды және барша спортсүйер қауымды осы жоғары жетістікпен құттықтаймын! Спортшыларымызға жаңа жеңістер тілеймін.

АЛТЫНАЙ ҚАЗИҚАН, тілші:
Парашаңғы және парабиатлоннан әлем чемпионаты Швецияның Эстерсунд қаласында 29-шы қаңтарға дейін жалғасады. Жарыста 18 мемлекеттің 100-ден астам спортшысы өнер көрсетіп жатыр. Телефон арқылы тілдескенде Ербол бүгін де сынға түсетінін айтты. Чемпионнан тағы медаль күтеміз! Қоса кетуіміз қажет, бұл байрақты бәсекеде Александр Герлиц, Сергей Усольцев және Денис Зинов сынды жерлестеріміз де бақ сынауда.


Алтынай Казиканова