Қоғам

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің облыстық департаментінде ашық есік күні өтті

Бүгін еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің облыстық департаментінде ашық есік күні ұйымдастырылды. Іс-шараға келгендердің басым бөлігі – құрметті еңбек демалысына шыққалы жүрген жандар. Аға буын өкілдерін толғандырған сұрақтар әр түрлі. Әлия Жақаева 25 жылдан астам уақыт бойы білім саласында еңбек етуде. Нақтырақ айтқанда қаладағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші болып жұмыс істейді. Келесі жылы нәзікжанды зейнеткер атанбақ. Сол үшін қазірден құжаттарын реттеп жатқан көрінеді. Арасында жетіспей жатқан маңызды қағаздар бар екен.

ӘЛИЯ ЖАҚАЕВА, қала тұрғыны
– Менің жасым қазір 59-да. 2024 жылдың маусым айында зейнеткерлік жасқа толамын. Сол бойынша қазірден бастап құжаттарымды дайындап жатырмын. Жетіспейтін құжаттар бар екенін білдім. Яғни, кезінде мен оқу оқыған білім ордасынан анықтама қағазымды алуым қажет. Сол мәселе бойынша осында келдім.

Әлия Жақаева бұл сұрағымен тиісті мамандарға жүгініп, тұшымды жауап алды.

Сондай-ақ, департамент мамандары ашық есік күнінде ақпараттандыру жұмыстарын да жүргізді. Яғни, азаматтарға зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру, мүгедектікті белгілеу және мүгедектігі бар жандарды әлеуметтік қорғау бойынша ақпарат берілді. Бүгінде департаментпен мемлекеттік қызметтің 14 түрі көрсетіледі, оның 13-і – зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау бойынша.

ГҮЛБАҚЫТ МАНАБАЕВА, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:
– Біреуі мүгедектікті белгілеу бойынша тікелей департаментке тапсырылады. Жалпы, бүгінгі күні 14 мемлекеттік қызметтің 8-ін электрондық үкімет порталы арқылы алуға болады. Жалпы, өткен жылы департаментпен 37 мың 471 қызмет көрсетілді. Соның ішінде 10 мыңнан астам қызметті тұрғындар проактивті форматта ала алады.

Біздің облыс бойынша зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың жалпы саны 141 мың адамды құрайды. Оның 101 мыңнан астамы құрметті еңбек демалысындағылар. Сол себепті, мамандар ашық есік күнінде тұрғындарға зейнетақы жүйесінде биыл орын алған өзгерістер жайлы да сөз етті.

 ГҮЛБАҚЫТ МАНАБАЕВА, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:
– Биыл мемлекеттік базалық зейнетақының ставкасы өзгерді. Яғни, 21 пайызға дейін ұлғайды. Жалпы, мемлекеттік базалық зейнетақының көлемі 2023 жылдан 2027 жылға дейін біртіндеп жоғарылайды.

Жалпы, көкейінде жүрген сұраққа жауап іздеп келген азаматтарға жергілікті департамент қызметкерлерімен қоса әлеуметтік сақтандыру мен зейнетақы қорларының мамандары да қызмет көрсетуде.


Дана Ешкенова