ТЖ

Жыл басынан бері өңірде 6 адам өрттен көз жұмды

Қаңтардың 14-і Қызылжар ауданындағы Надежка ауылында жеке тұрғын үй өртенді. Салдарынан 62 жастағы ер адам қайтыс болды. Оқиғаның себебі белгілі. Марқұм төсекте темекі шегіп, ұйықтап кеткен.

ЖАНАТ ОНАНОВ, Қызылжар аудандық ТЖ бөлімінің бастығы:
– Осы жылдың басынан бері Қызылжар ауданындағы жеке тұрғын үй секторында 20 өрт оқиғасы тіркелді. Негізгі себептер – электр жабдықтарын дұрыс қолданбау, техникалық пайдалану ережелерін бұзу және үйде темекі шегу. Оттың салдарынан 2 адам қайтыс болды, 6 адам газдан уланды. Оның жартысы – бала.

Ағымдағы жылдың алғашқы айы бітпей жатып өңірде 37 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 37 пайызға көп. Қызыл жалынның кесірінен 6 адам көз жұмды, ал газдан 4 адам уланды. Өкінішке қарай, оның бірі ажал құшты.

АСЛАН АХМЕТЖАНОВ, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:
– Өрт қауіпсіздігі айлығы кезінде бұрын қауіпсіздік талаптарын орындамаған баспаналарды тексердік. Сонымен қатар, тұрғын үй секторында әңгіме жүргізіп, жаднама қағаздарын тараттық. Негізі, тұрғындармен тілдесу жылыту маусымы басталғалы жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін 44 мыңнан астам тұрғын үй қамтылды.

Тағы брифингіде су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары жайлы да сөз қозғалды.

ҚУАТ МАХМЕТОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:
– Айдындағы адамдардың қауіпсіздігі – судың температурасы емес, мұздың қалыңдығы. Қалыңдық 7 см-ден кем болмауы қажет. Ал көлік құралдары жүруі үшін мұздың қалыңдығы 30 см болуы шарт.

Құтқарушылар балықшыларға бөлек тоқталды. Департамент өкілдері тұрғындарға өзен-көлге барар алдын ауа райын білуге, қармақ салатын жердің координатын жақындарына айтып, жағадан алыс кетпеуге кеңес береді.


Гульден Симбаева