Қоғам

Теміржол станциясында бірнеше жыл бойы ұрлық жасағандар ұсталды

 

Жыл басынан бері өңір аумағындағы теміржол вокзалдарында қос бірдей қылмыстың беті ашылды. Қылмыскерлердің бірі жолаушылар пойызы арқылы есірткі тасымалдаса, екіншісі вагондардың бөлшектерін қолды қылған. Енді өткен жылғы статистикаға кезек берейік.

СӘКЕН РАХИМОВ, Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімінің бастығы:
–  2022 ші жылы Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімі қызмет көрсету учаскелігінде 43 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Оның 25-і – қылмыс, 18-і – теріс қылмыс. Тергеу және анықтау саласының өндірісіне 106 қылмыстық іс қабылданып, 62-сі аяқталып, 23-і сотқа жолданды. Сондай-ақ, 36 қылмыстық іс қылмыс болмауына байланысты тоқтатылды.

Пойыздар арқылы есірткі тасымалдау – жиі тіркелетін қылмыстың бірі. Өткен жылы өңірде мұндай 10 факті анықталыпты. Нәтижесінде заңсыз айналымнан 71 грамм синтетикалық дүние алынған. Вокзалдар мен пойыздарда қолының қыспасы барлар да жүреді. Былтыр мамандар 16 ұрлық әшкерелеген.

СӘКЕН РАХИМОВ, Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімінің бастығы:
– М.Жұмабаев ауданындағы Қарақоға станциясында 3-4 жыл бойы ұрлық жасаған теріскейліктер ұсталды. Олар жүк поездарында жүк ұрлаумен айналысқан. Қазіргі таңда қылмыстық іс сотта қаралуда. Әкімшілік жауапкершілікке 1604 адам тартылып, оларға хаттама толтырылды. 149 тұлғаға 1 млн 685 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Былтыр теміржол бойына адамдар мен жануарлардың шығуына байланысты пойыздар 11 рет шұғыл тежелген. Өкінішке қарай, жазатайым оқиғада 3 солтүстікқазақстандық көз жұмған. Қазіргі таңда Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімінде 76 адам еңбек етеді. Күн сайын 14 маман өңірдегі 4 теміржол вокзалы мен әуежайда кезекшілік атқарады.


Алдияр Айтпаев