Денсаулық сақтау

Өңірде 544 әйел жатыр мойны обыры бойынша тіркеуде тұр

 

Жатыр мойны обыры – әйелдер арасында жиі кездесетін індеттің бірі. Әлем бойынша аталған дерт сүт безі қатерлі ісігінен кейін екінші орында тұр. ДДСҰ мәліметтері бойынша әлемде жыл сайын жарты млн-ға жуық әйелге жатыр мойны обыры диагнозы қойылады. Еліміздегі ахуал да мәз емес. Жыл сайын Қазақстанда аталған ауруға 2 мың нәзікжанды шалдығады екен. Орташа есеппен алғанда күн сайын жатыр мойны обыры екі әйелдің өмірін үзеді.

Ольга Краснопевцева, облыстық көпбейінді аурухананың онкологиялық орталығының онкогинекологы:
– Өткен жылы жатыр мойны обырымен диспансерлік есепке 77 нәзікжанды алынды. Олардың 70-інде дерт ерте сатысында анықталған. Ал 4 адамда сырқат тек обырдың 3-ші сатысында белігілі болса, 3 әйелде қатерлі ісік соңғы сатысында анықталды. Көбіне жатыр мойнының обырына 35 пен 53 жас аралығындағы әйелдер шалдығып жатады. Бірақ, соңғы жылдары бұл аурудың жасарып жатқанын айтқым келеді. Соңғы уақытта бұл дерт 25-28 жастағы жас қыз-келіншектерде де анықталуда.

Өкінішке қарай, өткен жылы 11 солтүстікқазақстандық нәзікжанды аталған қатерлі ісіктен көз жұмды. Ақхалаттылардың сөзінше, жатыр мойнын тұрақты тексеру – бұл осы аурудың дамуын болдырмаудың негізгі әдісі. Сондықтан, барлық қыз-келіншек өз денсаулығына бейжай қарамай, жоспарлы скринингтерден уақытылы өтіп тұруы қажет.

Ольга Краснопевцева, облыстық көпбейінді аурухананың онкологиялық орталығының онкогинекологы:
– Былтыр біздің облыста 20 мың 476 нәзікжанды скринингтен өтті. Тексеріс барысында 12 әйелден жатыр мойны обыры анықталды. Барлығы есепке алынды. Жалпы, бүгінде жатыр мойны обыры диагнозымен онкологиялық орталық есебінде 544 әйел тұр. Статистика мәз емес. Сандар жыл санап артып барады.

Дерттің алдын алу мақсатында жергілікті ақхалаттылар жыл сайын “Ашық есік” күнін ұйымдастырады. Денсаулығын тексертемін деген жандар қаңтардың 28-і облыстық онкологиялық диспансерде гинеколог дәрігерлердің қабылдауынан тегін өте алады. Қабылдау сағат таңғы 9-дан түскі 1-ге дейін жүргізіледі.


Дана Ешкенова