Қоғам

Шетелдік көліктерді заңдастыру басталды

 

Бүгін Қазақстанда шетелдік автокөліктерді заңдастыру басталды. Облыс орталығындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында адам әдеттегіден көп. Бір бөлігінің басты мақсаты – өзге мемлекеттерден әкелген темір тұлпарларын тіркеу. Салаға жауапты мамандардың сөзінше, сырттан жеткізілген машиналардың дені ресейлік.

ҚАЙРАТ СЕЙІТҚҰЛОВ, СҚО ПД процессингтік орталығының аға мемлекеттік автоинспекторы:
–  СҚО-да шамамен 7 мыңнан астам Ресей автокөлігі тіркеледі деп болжап отырмыз.

Шетелдік көліктерді заңдастыру 3 кезеңнен тұрады. Алғашқысында жылжымалы мүліктің өткен жылдың алғашқы қыркүйегіне дейін келгені, бұрынғы тіркеуден шығарылғаны және кедендік тазартудан өткені тексеріледі. Сосын іске криминалист маман кіріседі. Ол өз міндетін орталықтың жанында орналасқан ғимарата орындайды. Жұмыс аса мұқияттылықты талап етеді.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Криминалист маманның жұмысы қызу. Ол таңсәріден бері мына нысанның ішіне кірген көліктерді тексеріп жатыр. Қолында арнайы құжаты бар. Сол құжатта нөмірлер жазылған. Нөмірлер көліктегі сандармен сәйкес келуі қажет.

ҚАЙРАТ СЕЙІТҚҰЛОВ, СҚО ПД процессингтік орталығының аға мемлекеттік автоинспекторы:
–  Криминалист “кузов”, “вин” нөмірінің сәйкес келуін тексереді. Криминалдық тарихын тексереді. Үшінші кезең ХҚКО-да өтеді.

Орталықта автокөлік иесі бірінші тіркеу үшін 200 мың теңге төлейді. Кейін қос мемлекеттік нөмір мен техникалық куәлік үшін қалтасынан тағы 14 мыңға жуық ақша шығарады. Осыдан соң темір тұлпарына қазақстандық “төлқұжат” алады. Заңдастыру орта есеппен 25 минутқа созылады.

ҚАЙРАТ СЕЙІТҚҰЛОВ, СҚО ПД процессингтік орталығының аға мемлекеттік автоинспекторы:
–  СҚО-да 5 автокөлік тіркелді. Өздерінің нөмірлері мен техникалық куәліктерін алды.

Қала тұрғыны Дамир Үсенов бұл күнді асыға күтіпті. Бүгін Мәскеуден мініп келген Тайотасын тіркемек. Азамат көптің талқысындағы мәселеге мемлекет назар аударып, төмен бағамен заңдастыруға рұқсат етілгеніне дән риза.

ДАМИР ҮСЕНОВ, қала тұрғыны:
–  Заңдастыру өте жылдам жүргізіліп жатыр. 15 минуттың ішінде 2-ші кезеңнен өткелі тұрмын. Көлігімді тіркеу үшін жақында Ресейге барып, бұрын тіркелген жерінен шығарып келдім.

Ескерер жайт, темір тұлпарды тіркеу мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында ғана жүргізілмейді. Орталықтың өзге де бөлімдеріндегі мамандар келушілерді қарсы алып, көмек ұсынуға әзір.

КЕНЖЕКЕЙ СҮЛЕЙМЕНОВА, “Азаматтарға арналған үкімет” МК” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалы директорының орынбасары:
–  Халыққа қаламыздағы 5 бөлімде қызмет көрсетіледі. Іске қосымша 8 адам тартылды.

Қос кету қажет, шетелдік автокөліктерді заңдастыру шілденің алғашқы жұлдызына дейін жүргізіледі.


Байболат Култанов