Мәдениет

Петропавлдық композитор «Cannes Shorts» фестивалінде үздік деп танылды

Бұл – «Виктория» атты шағын фильмнен үзінді. Оны Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының ұжымы конкурсқа арнап түсірген. Бұл байқау – ТМД елдерін қамтитын халықаралық режиссерлер бәйгесі. Басты талап – қатысушылар 48 сағат ішінде қысқаметражды фильм түсіруі қажет. Фильмге әуен жазған композитор Давид Литвиновтың айтуынша, туындыда терең ой жатыр.

ДАВИД ЛИТВИНОВ, композитор:
–  Фильм Виктория есімді қыз жайлы емес. Виктория сөзі латын тілінен аударғанда “Жеңіс” деген мағынаны білдіреді. Яғни, бұл фильмнің идеясы – надандықты, ашкөзділікті жеңу. Мұнда келесі ұрпақ адал болады деген үміт бар.

Талантты жерлестеріміздің бұл туындысы «Үздік драма» атағына ие болды. Фильмнің режиссері Александр Шингуров бұл байқаумен тоқтап қалмай туындыны басқа да сайыстарға жіберген. Нәтижесінде Давид Литвинов «Cannes Shorts» фестивалінде «Үздік композитор» атанды. Оның фильмге арналып шығарылған өлеңі канндық қазылар алқасының көңілінен шыққан.

ДАВИД ЛИТВИНОВ, композитор:
– Қос байқауда да номинацияға ие болу үш ұйықтасақ түсімізге кірген жоқ. Дегенмен, жетістігімізді біліп, кеудемізді мақтаныш сезімі кернеді. Францияға бара алмадық, марапаттау рәсіміне қатыса алмағанымыз өкінішті, әрине. Алда әлі де осындай биік шыңдарды бағындырамыз деген үміттемін.

Негізі, Давид Литвинов Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында музыкалық бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. 2012 жылдан бері театр қойылымдарына арнап өлең жазады. Оған қоса ресейлік театрлармен жұмыс істейді.


Самал Жунусова