Қоғам

Бірыңғай төлем енгізілді

 

Биыл Салық кодексі жаңа тараумен толығып, бірыңғай төлем енгізілді. Бұл дегеніміз – барлық салық түрлері бойынша бір төлемдегі ақшаны аудару. Оған жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарналары, жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары кіреді.

ЖАНАТ ЖҰМАБЕКОВА, СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмыстары басқармасының бас маманы:
–  Бірыңғай төлемді дара кәсіпкерлер мен арнаулы салық режимдері бойынша жұмыс істейтін микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғалар пайдалана алады. Бірыңғай төлемді аудару мерзімі есепті айдан кейінгі келесі айдың 25-сіне дейін “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының шотына бір төлеммен аударылады.

2023 жылы бірыңғай төлем мөлшерлемесі еңбекақы қорынан 20 пайызды құрайды. Дегенмен, бұл тұрақты сан емес. Мөлшерлеме кезең-кезеңімен ұлғайып отырады.


2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 21,5 пайыз;
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – 23,8 пайыз;
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 24,8 пайыз;
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – 25,8 пайыз;
2028 жылғы 1 қаңтардан бастап – 26,3 пайыз.

Бастапқы немесе кезекті декларацияда төлем көзінен салық салуға жататын қызметкерлердің табыстарын салудың таңдалған тәртібі салық кезеңі ішінде өзгертілмейді. Жалпы, бірыңғай төлемді енгізу салық міндеттемелерін орындауды жеңілдетеді және салық жүктемесін азайтады.


Алтынай Казиканова