Қоғам

«Жастарға кеңес» жобасы жаңа форматта жүзеге асырылуда

 

Бекзат Латыпова Қозыбаев университетінің 3-ші курсында оқиды. 20 жастағы бойжеткенді қазірден жұмыс мәселесі алаңдатады. «Жастарға кеңес» жобасы жайлы әлеуметтік желіден білген Бекзат бүгін орталыққа жүгінді.


БЕКЗАТ ЛАТЫПОВА, қала тұрғыны:
– Сұрағым – студенттерге ресми түрде қалай жұмысқа орналасуға болады. Себебі, қазір оқумен қатар жұмыс істеу қиын. Ресми түрде тұрғанымен оған салықтар, зейнетақы аударымдары келіп тұрады, сол туралы да білейін деп келдім.

Сұрағына жауап іздеп келген бұрымды маманның берген кеңесіне көңілім толды дейді.

БЕКЗАТ ЛАТЫПОВА, қала тұрғыны:
–  Студенттерге оқу мерзімінде жұмыс істеуге болмайды. Бірақ, осы жазғы демалыстарда ресми түрде жұмысқа орналасуға болады және оқу бітіргеннен кейін де бір жылға жұмыспен қамту орталығымен жұмысқа тұруға болады. Ол бізге стаж ретінде саналады.

Жұмыспен қамту, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, баспана жайы мен құқықтық мәселелер. «AMANAT» партиясының жастар қанатының бастамасымен қолға алынған «Жастарға кеңес» жобасы осы бағытта жұмыс істейді.

БІРЖАН ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, «Жастар рухы» ЖҚ СҚОФ төрағасы:
– Бұл жобаның басты мақсаты – 16 мен 35 жас аралығындағы жастарға кеңестік жұмыстарын беру. Ол жұмыстарды жергілікті атқарушы органдардың мамандары, оның ішінде жұмыспен қамту орталығы, халыққа қызмет көрсету, “Атамекен” кәсіпкерлер палатасы, юристер мен психологтар жастарға кеңес беретін болады.

Жалпы, бұл бастама 2020 жылы қолға алынған болатын. Бүгінге дейін облыс орталығында мыңнан астам жасқа консультация берілген. Көмекке жүгінетіндердің басы көмшіліні жұмыспен іздеп жүреді немесе баспана мәселесімен келеді. Биыл жоба жаңа форматта іске қосылды.

БІРЖАН ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, «Жастар рухы» ЖҚ СҚОФ төрағасы:
–  Тағы бір ерекшелігі – Петропавлдағы «Тайга» сауда орталығында стационарлық кеңес орталығы орналасқан. Бұдан бөлек, алдағы уақытта облыстық деңгейдегі мамандармен бірлесе мобильдік топ құрып, аудандық, алыс жерде орналасқан ауылдарға шығатын боламыз.

Жыл басынан бері орталыққа 50-ге жуық жас жүгінген.


Самал Жунусова