Спорт

Петропавлда волейболдан жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өтуде

Петропавлда волейболдан жасөспірімдер арасында халықаралық турнир бастау алды. Қазақ КСР-ның білікті жаттықтырушысы Алесей Мельниковті еске алуға арналған додаға ел бойынша жиналған және іргедегі Ресейден келген 4 құрама қатысуда.

Доданың беташар ойыны. Алаңда – жергілікті «Kuanish» ВК-ның жасөспірімдері мен ресейлік «Элита» ұжымының спортшылары. Кездесу тартысты өтуде. Қос команда иық тіресе бір-бірін өкшелеп келеді. Алайда, 1-ші партияда қонақтардың асығы алшысынан түсті. Есеп 23 те 25.

Екінші партияның басында «Kuanish» ВК спортшылары кеткен есені қайтаруға кірісті. Бұрымдылар қарсылас алаңына допты шегеше қадап есепті еселеп жатты. Мұны көзі қарақты көрермен қызыға тамашалауда. Ортадағы волейболшылар жас болса да кәсіби ойыншылар сияқты ойын өрнегін көрсетуде.

РОЗА ӘДІЛХАНОВА, «Kuanish» ВК ойыншысы
– Бірінші партиядағы нәтижеге қарап еңсеміз түскен жоқ. Екінші партияда үлкен есеп айырмасымен қарсыласты жеңуге дәмеміз бар. Турнирге 3 ай бойы дайындалдық. Ойын жақсы өтуде.

Жалпы, Алексей Мельников – Жамбыл ауданының тумасы. Азамат волейболдан талай шәкірт тәрбиелеп, кәсіби маман ретінде көзге түсті. Білікті бапкер ғұмырының тең жартысын осы салаға арнапты. Қазіргі таңда оның шәркірттері түрлі жарыстарда атой салып жүр.

АЗАМАТ ЕСІМОВ, «Kuanish» ВК аға жаттықтырушысы
– Алексей Мельников білімді, білікті, тәжірибелі жаттықтырушы болды. Сол кісімен спорттық мансабым енді басталып жатқан кезде таныстым. Жарыстарға бірге баратынбыз.

Бұл сайысқа 4 команда қатысып жатыр. Турнир 3 күнге созылады. Соңғы күні жеңімпаздар медаль, грамоталармен марапатталады.


Гульден Симбаева