Аптадағы маңызды жаңалықтарДенсаулық сақтау

Медициналық мекемелердің автопаркі толықты

Медициналық мекемелердің автопаркі толықты. Бүгін аудандық ауруханалардың басшыларына су жаңа 14 санитарлық көліктің кілті табысталды. Бір-біреуінің құны 18 млн теңге болатын “Jac” маркалы темір тұлпарлар дәрігерлер мен науқастарды тасымалдауға арналған. Ішінде шұғыл көмек көрсетуге арналған медициналық шабадан, оттегі беретін құрылғы мен зембіл бар.

–  Алғашқы және шұғыл көмек көрсетуге жақсы жабдықталған көліктер. Ауданымызда мұндай бір көлік бар, бұл – екіншісі. Амандық болса, шалғай ауылдарға тез жетуге және шұғыл көмек көрсетуге көп көмегін тигізеді.
– Су жаңа машинаның кілтін алу үшін Мамлют ауданынан келдік. Соңғы рет ауданымызға жаңа темір тұлпар 2021 жылы берілді.

Кілт табыстау рәсіміне облыс әкімі Айдарбек Сапаров қатысты. Өңір жетекшісі ақхалаттыларды жаңа қызметтік көлік алуымен құттықтап, аймақтың медициналық саласында келешекте атқарылатын ауқымды іске тоқталып өтті.


АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Президенттің тапсырмасымен денсаулық сақтау саласында ұлттық жоба іске асырылуда. Біздің облыс бойынша бұл салада 46 нысан бой көтермек. Ауылдық жерлерге дәрігерлік амбулатория, медициналық пунктер мен ФАП-тар салынады. Құжаттар дайындалып жатыр. Қаржы бөлініп жатыр. Уақытында сол жұмыстарды бастау керек. Мекемелер барлық құрал-жабдықтармен жабдықталады.

Президент ел бойынша 32 аудандық аурухананы жаңғыртуды тапсырды. Бұл тізімге Тайынша ауданындағы көпбейінді ауданаралық аурухана да кіреді. Айта кетейік, бүгін аталған аурухана автопаркі де бір көлікпен толықты.

МАҚСАТ ҚҰДРАТУЛЛАЕВ, Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасының директоры:
–  Бағдарлама аясында биыл цифрлық компьютерлік томографты сатып алып, іске қостық. Алдағы уақытта ангиограф аламыз. Жабдықты өз ауданымызбен қатар іргедегі Ақжар мен Уәлиханов және Айыртау аудандарының халқына инфаркт және инсульт кезінде жүректерінде немесе миға ота жасау үшін алып отырмыз. Жылдың екінші жартысында магниттік-резонасты томограф аламыз. Үш қабатта да күрделі жөндеу жұмыстары өткізіледі. Қос жедел сатыны да ауыстырамыз.

Айта кетейік, соңғы жылдары өңірдегі медициналық мекемелердің автопаркі 10%-ға жақсарды. Өткен жылы жедел жәрдем көліктері толығымен ауыстырылды. Бүгінгі машиналар әр ауданға бір-бірден, тек Қызылжар ауданына ғана қос көлік бұйырыпты. Себебі, аталған елді мекенде тұрғындар саны көп, тиісінше қажеттілік те басым. Ағымдағы жылы өңірдегі медициналық мекемелерге тағы да су жаңа темір тұлпар беру жоспарланып отыр. Бұл салаға әлі 45 автомобиль қажет.

ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ, СҚО бойынша денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
– Жалпы, өңір бойынша денсаулық сақтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімі Айдарбек Сейпілұлымен бірге облыстың барлық аудандарында болдық. Медициналық мекемелерді аралап, дәрігерлермен тілдестік. Көптеген мәселелер қаралды. Бұл бағытта өңір жетекшісі бірқатар тапсырма жүктеді. Медициналық мекемелерді құрал-жабдықтармен қамту және кадр тапшылығын жою міндеттеліп отыр.

Қазіргі таңда өңірге дәрігер тарту бойынша бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, өңір жастарын аталған салаға бағыттап оқыту да қолға алынып отыр.


Алдияр Айтпаев