Қоғам

Кәсіпкерлердің жанайқайы

Қолдарына түбіртек ұстаған мына жандардың қаламыздағы көпқабатты үйлердің астында дүкені, дәмханасы немесе қызмет көрсету орны бар. Яғни, бұл кісілер – кәсіпкерлер. Өткен жылдың соңында олар үшін жылу қымбаттапты. Қазір іскер жандар бұрынғыдан біршама артық төлейді.

ОЛЬГА ВЕРКУЛЕЕВА, кәсіпкер:
–  Мен бұрын өзімнің сауда орныма көп дегенде 11 мың теңге төлейтінмін. Желтоқсан айы үшін түбіртек алдық. Онда 20 мың деп жазылып тұр. Мәселені “СЕВКАЗЭНЕРГОСБЫТ” серіктестігінің басшысына жеткіздім. Алайда, мардымды жауап ала алмадым. Сөзіне сүйенсек, қазір есептеу жаңа әдіс бойынша жүргізіледі.

Бизнесмендердің бас қайғысына айналған жаңа әдіспен таныстық. Қазір монополист компания үй астында орналасқан кәсіпкерлік нысан тұтынған жылуға емес, көлеміне баса назар аударады екен. Егер ғимараттың шаршы метрі аз болса, төмен коэффициентке көбейтіледі. Ал егер көп болса, өзге сандар есепке алынады. Осыдан соң шыққан әлгі сома бекітілген тарифке ұлғайтылады. Нәтижесінде әжептәуір төлем түбіртекке түседі.

ИГОРЬ БУХОНИН, “Риск” кәсіпкерлер одағы” ҚБ басқарма төрағасы:
–  Коэффициент 1 жарым мен 2 жарымның аралығында. Яғни, сіз шаршы метрі аз нысанға иелік етсеңіз, төмен коэффициент қолданылады. Физикалық тұлғалардан жай да 3 есе артық төлейтін біз мұндай өзгерістен хабарсыз болдық. Бұл жерде заңбұзушылық орын алып отыр.

Бір қызығы, жылу есептегіш құрылғы орнатылған үйлердің астындағы кәсіпкерлік объектілеріне бас шайқатар сандар жазылған түбіртек келіпті. Алексей Кохтың Петропавлда шаршы метрлері бір-біріне жақын қос дүкені бар. Енді олар үшін екі түрлі төлем жасау қажет. Арадағы айырма аз емес. Біреуіндегі сома екіншісінен бақандай 3 есеге көп.

АЛЕКСЕЙ КОХ, кәсіпкер:
–  Жылу есептегіш құрылғы орнатар кезде бәрі бізге: “Орнатыңыздар, тиімді”,- деді. Расымен бұған дейін тиімділігін сезініп келдік. Тек өткен жылдың соңынан бері адам түсініксіз жағдайлар орын алуда. Мен жалпы аумағы 500 метрге жақындайтын мына дүкеніме қазір 200 мың теңгедей төлеу қажетпін. Бұрын төлем әлдеқайда аз еді.

Бұл мәселе “СЕВКАЗЭНЕРГОСБЫТ”-қа тікелей қатысты. Компанияның бас директоры Мағауия Сағандықов жағдайды былай түсіндірді:

МАҒАУИЯ САҒАНДЫҚОВ, “СЕВКАЗЭНЕРГОСБЫТ” ЖШС бас директоры:
–  Есептеулер нормативтік-құқықтық актілер аясында жүргізілді. Министрдің “Тарифтерді қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы” №90 бұйрығы бар. Сол жерде бәрі анық жазылған. Заң бұзушылық орын алған жоқ. Кәсіпкерлерді осы құжатпен танысуға шақырамын.

Кәсіпкерлер қол қусырып отырған жоқ. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған олар қазір құқықтарын қорғауға кіріскен.

ИГОРЬ БУХОНИН, “Риск” кәсіпкерлер одағы” ҚБ басқарма төрағасы:
– Біз құзырлы органдарға жүгіндік. Хатқа 38 кәсіпкер қол қойды. Олар мәселенің оң шешім табарына сенеді.

Кәсіпкерлер мәселенің қашан қаралатынынан, қашан жауап жария етілетіндігінен бейхабар. Іскер жандар көңілге қонымды шешім қабылданбаса, сотқа жүгінеміз деп отыр.


Байболат Култанов