Құқық қорғау органдары

Интернет алаяқтардан сақ болыңыз

Ортасынан енді ғана асқан қаңтар айында қалалық полиция басқармасының екінші полиция бөліміне қарасты аумақта 6 интернет-алаяқтық тіркелді. Оның екеуі банктерден қоңырау шалумен байланысты болды. Қос жағдайда адамдарға криптовалютаға ақша салып, мол пайда табу ұсынылған. Бұған тұрғындар сенген. Тағы 2 петропавлдық автокөлік сату туралы жалған хабарландыруға иланып, алдын ала төлем жасаған. Қазір құқық қорғаушылар мұндай жайттардың алдын алу мақсатында мектептерді аралап, айлакерлердің кең таралған әдістерін түсіндіруде.

ДАНИЯР ҒАЛИАҚПАРОВ, қалалық ПБ екінші полиция бөлімі бастығының орынбасары:
– Бүгін 44-ші орта мектепте ата-аналар жиналысына қатысып, интернет алаяқтар туралы ақпарат бердік. Олардың қалай алдайтынын, қалай алданбау қажеттігін айттық.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, алаяқтардың ең көп қолданатын әдісі – банктен қоңырау шалу. Екінші сатыда – интернет арқылы тауар сату кезінде алдын ала төлем талап ету.

ОЛЬГА ОСОКИНА, №44 орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі
–  Қазіргі уақытта балалар да, ата-аналар да телефон пайдаланады. Кейбірі интернет арқылы келген ақпаратқа дұрыс ден қоймай, алданып жатады. Осындайда полиция қызметкерлерінің жүргізген түсіндіру жұмыстарының маңызы зор.

Полицейлер қала тұрғындарына сақ болу қажеттігін ескертуде. Жыл басынан бері өңірде 24 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген.


Самал Жунусова