Қоғам

Ең төменгі жалақыдан да аз еңбекақы төлегендер жауапқа тартылады

 

2023-ші жылы ең төменгі жалақы 70 мың теңге болмақ. Президенттің қыркүйекте жасаған Жолдауында мәлім болған бұл жаңалық 1,6 млн қазақстандықтың айлығының өсуіне әсер етті. Қазіргі таңда еңбек инспекциясының мамандары жұмыс берушілерді тыңғылықты тексеріп жатыр.


АЗАТ КӨШЕРБАЕВ, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:
–  Айлықты жұмысшыларға ең төменгі жалақыдан да аз берген жұмыс берушілер анықталса оларға айыппұл салынады. Шағын субъектілерге – 50, орта – 100 және ірі субъектілерге – 120 АЕК көлемінде.

Өткен жылға тоқталар болсақ, 2022-де мемлекеттік еңбек инспекциясы 350-ге жуық тексеріс жүргізген. Мамандар еңбек заңнамасын бұзудың 452 фактісін тіркепті. 130 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға жалпы сомасы 20,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынған екен.

АЗАТ КӨШЕРБАЕВ, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:
– Қазіргі таңда облыста тақырға отырған бір кәсіпорын жұмысшыларына жалақы төлей алмай отыр. Серіктестік 9 адамға 2,1 млн теңге көлемінде ақша қарыз. Бұдан бөлек, басқарма мамандары былтыр жалақыны уақытылы төлемегендерді анықтады. Нәтижесінде 700-ге тарта адамның құқығы қорғалып, жалпы сомасы 119 млн теңге болатын жалақы берілді.

Айта кетейік, биыл әрбір жұмыс беруші еңбек келісімшарттарын бірыңғай тіркеу жүйесіне енгізулері тиіс. Онда қос тарап арасындағы барлық іс-әрекеттер көрсетіледі. Яғни, сол жүйе арқылы кез келген жұмыс беруші маманның бұған дейін қайда жұмыс істегенін, не себепті жұмыстан кеткенін – бәрін біліп отырады. Енді құрылыс саласындағы күрмеуі қиын мәселеге тоқталайық.

МИРАС САБАҒАНОВ, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:
–  Әдетте құрылыс ұйымдары жұмысшылармен қызмет көрсету келісімшартын жасасады. Бұл келісімшарт еңбек кодексіне кірмейді, азаматтық құқық ретінде есепке алынады. Яғни, қос тараптың біреуі жұмысты орындауға келіседі, жұмыс беруші шаруа аяқталысымен төлем жасауға келісімін береді. Құрылыс компаниялары жауапкершіліктен қашу үшін бұл әдісті тұрақты қолданып келеді. Өңірде құрылыс алаңында бірнеше жазатайым оқиға болды. Қызмет көрсету келісімшарты жасалғандықтан инспекция іске араласа алмады.

Қазіргі таңда инспекция мамандары қалалық әкімдікпен осы бағытта тиісті жұмыс істеп жатыр. Тараптар құрылыспен айналысатын серіктестік басшыларына жұмысшылармен тек еңбек келісімшартын жасасу туралы талап қоймақ. Айта кетейік, өткен жылы өңірдегі кәсіпорындарда 38 жазатайым оқиға болып, 6 адам қаза тапты.


Алдияр Айтпаев