Өнеркәсіп

Болашағынан зор үміт күттіретін тігінші

 

Қыз-келіншектерге арналған спорттық костюмдер, ұлттық нақыштағы шапан, көйлектің түр-түрі. Қаладағы Әлфия Жүкенованың тігін цехы 3 жыл бойы нәзікжандыларды өзінің брендтерімен қуантып келеді. Киімдерге онлайн түрде тапсырыс беруге болады. Былтыр кәсіпкер тігіншілікті үйренемін деген жандар үшін оқыту курсын ұйымдастырған. Нәтижесінде цехтағы қызметкерлер саны да біршама артыпты.

ӘЛФИЯ ЖҮКЕНОВА, дизайнер:
– 2022 жылы сән көрсетілімдеріне қатыса бастадық. Алғашқысы тамыз айында Ақтау қаласында өтті. Одан кейін Португалияға шақырту алдық. Командамен коллекциямызды жинап, халықаралық көрсетілімге қатысып келдік. Енді ақпанда Миланда өтетін сән шарасына керектіні дайындау үстіндеміз. Қазақстандық дизайнер ретінде наурызда Парижде де қолымыздан шыққан туындыларды көрсетеміз.

Петропавлдық іскер жан әлеуметтік бизнеспен де айналысады. Қазір көпбалалы аналарды, мүгедектігі бар қызды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. 42 жастағы Клара Жангужина бұл жақта 1,5 жыл бойы еңбек етіп келеді. Нәзікжанды киім пішеді. Үйінде де құр отырмай, ою-өрнек басып, көрпе тігеді екен.

КЛАРА ЖАНГУЖИНА, тігінші:
–  Бейсенбі күні бір размерлі 30 комбинезонға тапсырыс түсті. Оны дайын. Әрі қарай басқа өлшемдерді дайындаймыз. Мысалы, 1 күнде 1 тігінші 5 спорттық костюм тігеді. Ал комбинезонды дайындауға ұзағырақ уақыт кетеді.

13 қызметкер түскен әр тапсырысты дәл уақытынан кешіктірмей дайындайды. Бұл іске Ираннан келген Сәлима Табынай да өзіндік үлесін қосады. 6 ай ішінде қолын біраз жаттықтырып, тігін ісінің қыр-сырын меңгеріп алған.

СӘЛИМА ТАБЫНАЙ, тігінші:
– Келгенімізге 1 жылдан астам уақыт болды. Мында келіп киімнің түр-түрін тігуді үйрендім.

Әлфия Жүкенованың тігін цехынан шыққан киімдер Петропавл мен Көкшетау қаласы тұрғындарының арасында сұранысқа ие. Алдағы уақытта кәсіпкер өнімдерін өз атынан шығаруды, яғни нағыз брендке айналдыруды көздеп отыр.


Алтынай Казиканова