Қоғам

Энергетикалық қадағалау саласының мамандары өткен жылды қорытындылады

Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің жергілікті департаменті өткен 12 айды қорытындылады. Аталған ведомство өкілдері осы аралықта жарық және жылу таратушы өндіріс ошақтарында жоспардан тыс 8 тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 10 тармақтан тұратын 4 ұйғарым берілген. Сондай-ақ, 3 әкімшілік іс қозғалған.

Николай Борзилов, ҚР ЭМ АЭҚБК СҚО бойынша аумақтық департаментінің басшысы
– Бірінші іс «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ-ына қатысты. Аталған компания өкілдері сонда болған технологиялық бұзушылық жайында бізге уақытында хабарлаған жоқ. Жедел хабарламаны уақытылы ұсынбау фактісі бойынша «СЕВКАЗЭНЕРГО» әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 612 мың теңге көлемінде айыппұл арқалады. Айыппұл толығымен өндіріліп алынды. Екінші іс «ЗИКСТО» АҚ-ына қатысты. Кәсіпорын иондаушы сәуле шығаратын аспаптар мен қондырғыларды лицензиясыз қолданған. Оларға 459 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Әкімшілік жауапкершілікке «Мелиоратор» серіктестігі де тартылыпты. Компания бейінді кәсіпорынның рұқсатынсыз электр желілерін жөндеумен айналысқан. Талапты бұзған серіктестікке 50 АЕК көлемінде айыппұл салынды. 153 мың теңге мемлекет кірісіне толығымен өндірілді. Сондай-ақ, департамент мамандары өткен жылы 160-қа жуық профилактикалық бақылау жүргізген екен. Нәтижесінде 95 ұсыныс берілді. Бүгінге дейін оның 80-і орындалыпты. Қалғанының мерзімі әлі келмеген. Сөз барысында Николай Борзилов өткен жылы өңірдегі энергия өндіруші және энергия таратушы кәсіпорындардың біріне қысқа әзірлік паспорты берілмегендігін де атап өтті.

Николай Борзилов, ҚР ЭМ АЭҚБК СҚО бойынша аумақтық департаментінің басшысы
– Өткен жылы ҚР Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті 2-ЖЭО-ға әзірлік паспортын беруден мүлдем бас тартты. Себебі, онда әлі күнге дейін түтін сору бөлімшесінің ғимараты қалпына келтірілмеген. Осы орайда бұл ұйымға қатысты әкімшілік іс қозғалып, 459 мың теңге көлемінде айппұл салынды.

Сондай-ақ, 12 ай ішінде энергетикалық қадағалау саласының мамандарына тұрғындардан 60-қа жуық өтініш келіп түскен. Ведомство өкілдері өтініштердің барлығын белгіленген мерзімде қарастырып, сұрақтардың жауабын берген.


Дана Ешкенова