Қоғам

Өткен жылы облысқа 367 млрд теңгеге жуық инвестиция құйылған

 

ДАНА СӘЛІМҚЫЗЫ, тілші
– Облыстың ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі – 12,2%, құрылыс жұмыстары – 10,8, өнеркәсіп өндірісі – 4, негізгі капиталға салынған инвестициялар 3,6% өскен. Бұл – өткен 12 айдың жалпы көрсеткіші. Енді негізгі салалардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтейік.

Облыстық статистика департаменті ұсынған дерекке сүйенсек, өсім негізгі капиталға құйылған инвестиция есебінен тіркелген. Мәселен, қаңтар мен желтоқсан аралығында аққайыңдар өлкесіне құйылған инвестиция көлемі 367 млрд теңгеге жуықтапты. Қаржының 45,5 пайызы ауыл, орман және балық шаруашылығына бағытталған екен.

ЖҰЛДЫЗ НҰРҒАЛИЕВА, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:
– 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 1,1 трлн теңгені құрады. Мал мен құстың барлық түрлері союға тірідей салмақта 110,7 мың тонна өткізілді, 647,8 мың тонна сиыр сүті сауылды, тауық жұмыртқасы 705,7 млн дананы құрады.

Бұл өз кезегінде азық-түлік өндірісін 7 пайызға арттыруға септескен. Соның ішінде сиыр және бұзау етінен жасалған консервілер көлемі – 2,2 есеге, ет және тағамдық қосымша өнімдер 49,7 пайызға, жарма түрлері – 40, ұн – 24,3, шұжық өнімдері – 15, сары май және сүт өнімдері 12,4 пайызға артыпты. Облыстың құрылыс саласында орын алған өзгерістерді де тілге тиек етейік.

ЖҰЛДЫЗ НҰРҒАЛИЕВА, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:
– 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда құрылыс жұмыстарының көлемі 122,5 млрд теңге сомасына орындалған. Құрылыс жұмыстарының көлемінде барынша жоғары үлес салмақты тұрғын ғимараттар құрылысы алады. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 299,9 мың шаршы метрді құрады.

Өткен 12 айда облыстағы бөлшек сауда көлемі 325 млрд теңгені құрапты. Ал бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі азық-түлік тауарларының үлесі 36,7 пайызды, азық-түлік емес тауарлар 63,3 пайызды құраған. Көтерме сауда көлемі 494 млрд теңгеге жеткен.

ДАНА СӘЛІМҚЫЗЫ, тілші
– Облыстың өзге мемлекеттермен арасындағы алыс-берісі де жаман емес. Өткен жылы аққайыңдар өлкесі Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен 523 млн АҚШ долларына сауда-саттық жасапты. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда көрсеткіш 13 пайызға жоғары. Соның ішінде экспорт көлемі бақандай 40,4 пайызға артқан.


Дана Ешкенова