Спорт

Қайсар Малғаждаров атындағы қайырымдылық қоры 20 балаға көмек көрсетті

Салауатты өмір салтын насихаттау, балаларды спортқа тарту мен жас спортшыларды қолдау. Бұл – Қайсар Малғаждаров атындағы қайырымдылық қорының басты мақстаты. Он жыл бұрын ашылған қор көпбалалы отбасыдан шыққан, спортқа құмар ұл-қыздарға көмек көрсетеді.

РУСЛАН ЕСЕНАЛИН, «Qulager» ХК директоры:
–  Қайсар Малғаждаровтың патриотизмін және спортқа деген сүйіспеншілігін біз Бақытжан Сәмиевамен бірге бастаған қорымыз арқылы жеткізгіміз келеді. Қор ашылғалы көпбалалы отбасыдан шыққан 100-ден астам бала спортқа тартылды.

Бүгін спорт сарайында өткен дәстүрлі шараға көпбалалы отбасыдан шыққан 20 ұл-қыз бен Қайсар Малғаждаровтың достары жиналды. Оларға арналып шағын концерт ұйымдастырылды.

Кейін спортсүйер жастар 2 топқа бөлініп, бақтарын сынады.

Міне, шараның маңызды сәті де жетті. 20 балаға қордың атынан 30 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.

Жастардың барлығы спортқа жақын. Дені түрлі жарыстарға қатысқан. Жүлделі орындарға ие болғандары да бар. Солардың бірі – Айдана Исатаева. Жеткіншек шаңғы спортымен айналысады. Шараға бапкерім шақырды, мен үшін тосын сый болды дейді.

АЙДАНА ИСАТАЕВА,
–  Мен шаңғы спорт түрімен айналысамын. Маған бапкерім хабарласып, спорт сарайына шақырды. Мен үшін тосын-сый болды.

Қайсар Малғаждаровтың қарындасы әрі қайырымдылық қорының жетекшісі Бақытжан Сәмиеваның айтуынша, осындай акцияларды жылына 3 рет өткізіп тұруға тырысады екен.

БАҚЫТЖАН СӘМИЕВА, Қайсар Малғаждаров атындағы қайырымдылық қорының жетекшісі:
–  2013 жылы ініміз қайтыс болды. 2014 жылы қорды аштық, оның достары көмектесті. Көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға көмектесейік деген мақсатпен шаруамызды бастадық. Балапандарға осындай сертификаттар табыс етеміз. Сыйлықтар береміз. Қайсардың атынан осындай іс атқарып жатқаныма қуаныштымын.

Қайырымдылық шарадан кейін балалар сол сертификатпен өздеріне қажет спорттық құрал-жабдық сатып ала алады. Бақытжан Сәмиеваның айтуынша, бұндай шара мамыр айында тағы да ұйымдастырылмақ.


Самал Жунусова