Спорт

Жас хоккейшілер сынға түсті

Петропавлдағы №23 орта мектептің оқушылары хоккейден өзара сынға түсуде. Сайыс басталмас бұрын оқу ошағының алдында 5 турдан тұратын көңілді эстафета ұйымдастырылды. Таза ауада сергіп алған спортшылар біраздан соң айдынға шықты. Қос құрама аралас ойыншылардан тұрады. Яғни, команда сапында үлкен де, кіші де бар.

Айдында өнер көрсетіп жатқандардың ішінде Әмір Шаймерденов те бар. Оқушының хоккейге деген қызығушылығы осыдан 2 жыл бұрын ояныпты.

ӘМІР ШАЙМЕРДЕНОВ, №23 орта мектебінің оқушысы
– Үлкен ағам хоккейге келуіме септігін тигізді. Бұл спорт түрі өзіме өте ұнайды. Үйірмедегі жаттығудан қалмаймын. Күнде таңғы 9 жарымнан келіп, шеберлік шыңдаймыз. Әртүрлі жарыстарға барынша қатысып жүреміз.

Жарыс 5 пен 7-ші сынып оқушылары арасында өтуде. Мұндай шара келесі жұмада шаһардың өзге оқу ошағында ұйымдастырылмақ. “Мақсат – ұл-қыздарды спортқа баулу, олардың денсаулығын нығайту”,- дейді мектептен тыс жұмыс бойынша қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры Идея Сейтмухамбетова.

ИДЕЯ СЕЙТМУХАМБЕТОВА, мектептен тыс жұмыс бойынша қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры
–  Іс-шара балалардың спортқа деген қызығушылығын арттырады. Олар жыл бойы хоккеймен айналыса алмайтыны белгілі. Сондықтан, біз осындай жарыстарды жиі ұйымдастырып тұруға тарысамыз.

Жарыс соңында хоккей десе ішкен асын жерге қояр балалар грамоталармен және медальдармен марапатталады.


Гульден Симбаева