Спорт

Ұлттық ұлан әскери бөлімдері арасында волейболдан біріншілік өтіп жатыр

Облыстық кәсіптік педагогикалық колледжіне еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің қызметкерлері жиналды. Мұнда волейболдан «Орталық» өңірлік қолбасшылығының біріншілігі өтуде. Кеше бастау алған жарыстың бүгін салтанатты ашылуы ұйымдастырылды.

Көп ұзамай дода басталды. Алғаш болып ортаға теміртаулық және қарағандылық әскерилер шықты.

Ойын қарқынды басталды. Қос команда ойыншылары кезектесіп бір-бірінің алаңына допты шегеше қадауда. Дегенмен, қарағандылықтардың жолы болды. Олар 2 де 1 есебімен жеңді. Соңғы партия 15 те 10 ұпаймен аяқталды.

ЕРЖАН МҰҢБАЕВ, ҚР ҰҰ 5516 әскери бөлімінің кіші сержанты, Теміртау қаласы:
– 5516 әскери бөлімінен келіп отырмын. Ойын жоғары дәрежеде өтті. 21-ші спартакиада негізінде өтіп жатыр. Барлық команда жақсы дайындықпен келген. Кеше бір командамен ойнадық. Ұттық. Бүгінгі ойында кішкене сәттілік жетіспеді. Әлі де мүмкіндіктер бар. Алда 6 ойын өткіземіз.

Әскери бөлімдер арасында волейбол біріншілігі соңғы рет сонау 2008-де ұйымдастырылыпты. Араға 15 жыл салып Қызылжар төрінде жалауын желбіреткен жарысқа 7 команда қатысуда. Олар: Петропавл, Қостанай, Көкшетау, Теміртау, Степногорск пен Қарағандының 2 ұжымы.

НҰРСҰЛТАН МЫРЗАБЕКОВ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің дене шынықтыру даярлығы және спорт қызметінің бастығы:
–  Біздің мақсатымыз – 7 командадан «Орталық» өңірлік қолбасшылығының волейбол командасын құру. Яғни, 7 командадан 1-еуін шығару керек. Сол құрамамен Орал қаласында өтетін Ұлттық ұлан біріншілігінде жақсы нәтиже көрсету қажет.

«Орталық» өңірлік қолбасшылыққа қарасты әскери бөлімдер арасында өтіп жатқан волейбол біріншілігі жұма күні аяқталады. Іріктелген құрама Оралға жол тартады. Батыс Қазақстан облысында ақпанның 20-сы күні Ұлттық ұлан чемпионаты бастау алмақ.


Самал Жунусова