Қоғам

Халықты жұмыспен қамту

Халықты еңбекпен қамту – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Бұл бағытта Үкімет түрлі бағдарламалар әзірлеп, отандастарымызға ұсынып жатыр. Солардың бірқатары кәсіпорындар үшін өте тиімді. Қазір кейбір жұмыс орындары субсидияланады. Яғни, жұмысшыға төленетін еңбекақы мемлекет тарапынан толығымен немесе ішінара өтеледі. Мұндай мүмкіндікті иелену үшін қызмет ұсынушы “Enbek.kz” порталы арқылы электронды өтініш беруі қажет.

ӘЙГЕРІМ АСЫЛТАЕВА, қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы:
–  Бүгінгі таңда “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы жұмыс істейді. Оның аясында жасы 29-дан аспаған, соңғы 3 жылда оқуын тәмәмдаған адамдар қатыса алады. Жалақы 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Еңбекпен қамту ұзақтығы 12 айдан аспайды.

Былтыр қаламызда “Жастар тәжірибесі” бағдарламасына 200-ден астам жас қатысыпты. Келесі жоба – “Қоғамдық жұмыстар”. Ол бойынша кез келген адам екі қолға бір күрек таба алады. Қатысушы 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде табыс табады. 12 ай еңбек етеді.

ГҮЛМИРА ИСМАИЛОВА, қалалық жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы:
– Былтыр “Қоғамдық жұмыстар” бағдарламасы арқылы 425 адам еңбек етті. Оның 49-ы – 1-ші, 2-ші және 3-ші топ мүгедектері. 65-і – студенттер мен оқушылар. Қатысушылардың жалақысы 91 890 теңгені құрады.

“Күміс жас”, “Ұрпақтар келісімшарты”, “Алғашқы жұмыс орны” және “Әлеуметтік жұмыс орындары” сынды жобалар да бар. Соңғысы бойынша төленетін жалақының 35 пайызын мемлекет өтейді. Былтыр бұл бағдарламаға 78 жерлесіміз қатысыпты. Қазір “Кәсіптік оқыту” бастамасы да мықтап қолға алынған. Оның аясында тұлға білім алып, тәжірибесін толықтырып, іске кіріседі.

ГҮЛМИРА ИСМАИЛОВА, қалалық жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы:
–  Былтыр бұл бағдарламаға қатысқан 20-ға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылды. 10-ға тарта жан жеке істерін бастады. Жоба аясында кәсіби білім алғандардың дені – тігіншілер, аспаздар, кондитерлер.

Биыл қалалық жұмыспен қамту орталығы “Кәсіптік оқыту” бағдарламасымен 100 адамды қамтуды жоспарлап отыр.


Байболат Култанов