Спорт

Қатарынан қос жеңіс

Қаңтардың 15-і мен 16-сы күндері “Qulager” ХК өз айдынында елордалық “Снежные Барсы” командасын қабылдады. Тұрақты ел чемпионаты аясында өткен екі кездесуде де солтүстікқазақстандықтардың асығы алшысынан түсті. Алғашқы ойында жергілікті имек таяқ шеберлері қос мүмкіндікті де қалт жібермеді. Елордалық ойыншылар айып алаңына қуылған кезде құлагерліктер қақпаға қос шайбы дарытты. Осылайша, 2 де 1 есебімен жеңіске жетті. Екінші бәсі биік бәсекеге кеңінен тоқталайық.

Алғашқы периодта қос ұжымда жан алысып, жан берісті. Ойыншылар бірнеше рет айып алаңына қуылды. Командалар қақпаға соққы бағыттап та жатты. Бірақ, бұл 20 минуттықта есеп ашылмады.

ДМИТРИЙ МАКЕЕВ, “Снежные Барсы” ХК ойыншысы, Астана қаласы:
– Екі рет алаңда басымдыққа ие болдық. Бірақ, бұл мүкіндікті сәтті пайдалана алмадық. Үзіліс барысында қателектерге көз жүгіртіп, шешім қабылдап, ойын барысын екінші периодта өз қолымызға алуымыз керек.


– Әрине, құлагерліктердің жанкүйерімін. Ойын жылдам әрі қызықты өтуде. Кешегі ойын да тартысқа толы болды.
– Алғашқы периодта ойын тең дәрежеде өтті. Қос ұжым да бір-бірін қыспаққа алды.
– Құлагердің жеңетініне сенімдімін. Қарсыластары өте мықты. Жас спортшылардан жасақталған команда.

Екінші периодта ойынға сән кірді. Командалар қысымды күшейтті. Қақпа маңын торуылдаған қос ұжым жігіттері де шайбы соғуға асықты. Бұл 20 минуттықта елордалық қонақтар есеп ашты. Кейіннен период бітуіне 15 секунт қалған кезде Артем Подшендялов мергендігімен көзге түсті.

АЛЬБЕРТ ГАТИН, “Qulager” ХК ойыншысы:
– Екінші период жақсы басталды. Қарсыласты қыспаққа алдық. Астаналық қақпашының шеберлігін айтпай кетпеске болмас. Бірнеше шайбыны қағып алды. Өкінішке қарай, қарымта шабуылда гол өткізіп алдық. Абырой болғанда период соңында есепті теңестірдік.

Ал үшінші соңғы периодта жергілікті жігіттер ойын тізгінін өз қолдарына алды. Бірінші болып қарсылас қақпасына Артем Подшендялов шайбы дарытты, көп ұзамай Евгений Гасников есепті еселеді. Бұл қос шайбыға қарсыластар ойын соңында тек бір ғана голмен үн қатты. Осылайша, ойын 3:2 есебімен солтүстікқазақстандықтардың пайдасына шешілді.


Алдияр Айтпаев