Мәдениет

Жас балериналар сауда орталығында өнер көрсетті

Бұл сұрақтың жауабын «ART-КЛАСС» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы шеберханасының балериналары ұйымдастырған қойылымнан білуге болады. Өткен демалыс күндері сауда орталықтарының бірінде талантты жастар қала тұрғындарына арнап «Қаршақыз. Басқа оқиға» атты балет-ертегі қойды.

Міне, күллі әлемге танымал ертегі де басталып кетті. Қойылым зұлым ханшайымның шығуымен басталды. Ешкімнің сұлулығы өзінен асып кеткенін қаламайтын ханшайым өгей қызы – Қаршақыздың көзін жоюды шешеді. Зұлым кейіпкердің рөлін Дарья Казакова сомдады.

ДАРЬЯ КАЗАКОВА, «ART-КЛАСС» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы шеберханасының балеринасы:
–  Зұлым ханшайымның рөлін ойнау үшін Қаршақыз туралы түрлі мультфильм қарауға тура келді. Образын сомдау оңай болған жоқ. Дегенмен, лайықты өнер көрсеттім деп ойлаймын.

Зұлым ханшайымның жоспары іске асқан жоқ. Сұлу Қаршақыз орманға қашып кетіп, жеті гномды кездестіреді.

Мейірімді Қаршақыздың рөлін 16 жастағы Мария Айдакова сомдады. Жасөспірім кейіпкерінің мінезін көрерменге жеткізу үшін біраз еңбектенген.

МАРИЯ АЙДАКОВА, «ART-КЛАСС» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы шеберханасының балеринасы:
– Сауда орталығында алғаш рет өнер көрсетіп жатырмыз. Мұндағы еден балетке сай келмейтіндіктен оған үйренісіп кету оңай болған жоқ. Сондықтан, біраз дайындалдық. Еденді арнайы сұйықтықпен сүрттік.

Балет-ертегіде 64 талантты жас өнер көрсетті. Сауда орталығына өз жұмыстарымен келген тұрғындар үшін қойылым тосын сый болды.

–  Ертегі өте ұнады. Балалар талантты. Жақсы дайындалғандары көрініп тұр.
– Мұнда менің құрбым өнер көрсетті. Ертегі қатты ұнады.

Айта кетейік, «ART-КЛАСС» шеберханасы 2015 жылы ашылған. Қазіргі уақытта мұнда 150 қыз актриса және балерина ретінде машықтанып жүр.


Самал Жунусова