Спорт

Петропавлда жастар арасында акробатикадан халықаралық турнир өтті

 

Петропавлда акробатикадан Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, өңірде акробатика негізін қалаушылардың бірі Анатолий Ямпольскийге арналған халықаралық турнирі өтті. Дода басында спортшыларға дәстүр бойынша жаңажылдық сыйлықтар тарту етілді.

Ортада – павлодарлық жұп Назлы Кәкімова мен Таисия Плевако. Қос қыздың бірге өнер көрсетіп жүргендеріне – 3 жыл. Өнерлері таң қалдырады, көрермендердің қошеметіне бөленіп-ақ жатыр, ал қазылар алқасы спортшылардың акробатикалық композициясының техникасы мен әртістік қабілеттерін бағалауда.

НАЗЛЫ КӘКІМОВА, жарысқа қатысушы, Павлодар қаласы:
– Кішкене қобалжыдық, бірақ, аса қиын болған жоқ. Өзіміздің күнделікті жасап жүрген жаттығуларымыз. Осы турнирге 1 ай дайындалдық.

Турнир 250-ден аса спортшының басын біріктірді. Ресейліктер мен Өзбекстан спортшылары да қалыс қалған жоқ. Айта кетейік, бұл дода Петропавлда 70-ші жылдан бері жалғасын тауып келеді.

Залдың бергі жағындағы акробатикалық жолақта жүгіріп келіп секіру түрінен ресейлік Алексей Халматов өнер көрсетіп жатыр. Оның бұл спортқа ден қойғанына – 6 жыл. Бірқатар жетістігі бар.

АЛЕКСЕЙ ХАЛМАТОВ, жарысқа қатысушы, РФ:
– Мен “рондат” пен “бланш” түрлерін орындадым. Сәл қобалжу болды. Дегенмен, оған бой алдырмай, бәрін ойдағыдай орындап шықтым. Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмын. Жарыс жоғары деңгейде өтіп жатыр.

Дода 6 жастан басталып 18-ге дейінгі жастар арасында ұйымдастырылған. Мұнда алғаш рет өнер көрсетіп жатқан және әлемдік сайыстарға қатысып жүрген спортшылар жиылған.

РИНАТ БЕЛОГОНОВ, жарыстың бас төрешісі
–  Анатолий Ямпольский Өзбекстан елінде дүниеге келген. Петропавлға 60-шы жылы көшіп келді. Сол жылы спорттық акробатика секциясында жұмыс істей бастады. 64-ші жылы “Еңбек резервтері” командасы Ленинград қаласында өткен Бүкілодақтық спартакиадада 3-ші орын иеленді. Ал 2001 жылы Анатолий Ивановичтің балалар спорт мектебіне жоғары спорттық жетістіктері үшін “мамандандырылған” мәртебесі берілді.

Айта кетейік, бүгінгі дода халықаралық турнир статусында 9-шы рет өткізіліп жатыр.


Гульден Симбаева