Мәдениет

Петропавлда Құран оқудан облыстық жарыс өтті

 

Құран іліміне ден қойған һәм болашақ қарилер Петропавлда бас қосты. Кеше облыс орталығында Құран оқудан жарыс ұйымдастырылды. “Қызылжар” облыстық орталық мешітінде өткен сайысқа 60-қа тарта жас қатысты. Олар – қала мен аудандардағы ұстаздардан білім алушы шәкірттер.


Рухани дода басында Алла сөзі саналған Құран аяттары оқылды. Небәрі 10 жастағы қари Абдулла Аль-Хашр сүресінің соңғы аяттарын оқыды. Кейіннен қазылар алқасы бәсі биік бәсекенің тәртібін түсіндіріп, жарысты бастады. Бірінші болып ортаға Мұғжиза кітаптың 2 парағын, яғни, 60 бетін жатқа білетін ұл-қыздар шықты. Бір-бірден билет суырған жастар қағазға жазылған сүрелерді оқи бастады.

Ортада – Абдрахман Шайхиден. Жасөпірімге 1-ші параның 1 сүресі мен 2-ші параның 2 сүресін оқу тапсырмасы берілді. Алғашқы екеуін жас мүдірмей оқыды. Соңғысында сәл жаңылысты.

АБДРАХМАН ШАЙХИДЕН, жарысқа қатысушы:
–  Құранды 3-4 жыл көлемінде жаттап жүрмін. Негізі, Құран жаттауды 7 жасымда үйренгенмін. Бірақ, содан кейін азғантай уақыт тоқтап қалдым. 10-11 жасымда қайта жалғастырдым. Уақыт өте 2 пара жаттадым. Алдағы уақытта тағы көп сүре жаттауды өзіме мақсат еттім.

Биылғы жылғы жарыс бұған дейінгі додаларға ұқсамайды. Ұл-қыздар сүрелерін оқып болғаннан кейін бір хадиспен зиялы қауым өкілдерінің дін жайлы қанатты сөздерін немесе өлең жолдарын жатқа айтып берулері қажет. Айта кетейік, сайысқа көзайым болып жастардың ата-аналары да келіпті.

– Көпшілік алдында ұмытып жатқандары болмаса балалардың дайындықтары жақсы. Солтүстік өңірде Құран оқу жарысын өткізіп жатқан барша жандарға Алла разы болсын.
–  Жастар алға қойған арман-мақсаттарына жетсін. Қарилер мен хафиздар шықсын қаламыздан. Иманды ұрпағымыз болсын.
– Шәкірттердің алған білімін тыңдап отырмыз. Өте қатты қуантады. Балалардың ынталарын көріп риза болып отырмыз.

Бұл сайысқа Мұхсина Зулфукар да қатысуда. 8 жасар жеткіншек өткен жылы Құран жарысының жеңімпазы атанған болатын. Бас жүлдеге берілген кіші қажылық жолдамасын әкесіне беріп, 7 жасында асқар тауын Умраға жіберіпті. Көпшіліктің жүрегіне жол тапқан қыз биыл да жүлдеден дәмелі.

МҰХСИНА ЗУЛФУКАР, жарысқа қатысушы:
– Мен 5 жасымнан бастап Құран жаттай бастадым. Анам мен әкем үйретті. Қазіргі таңда Құранның 2,5 парағын білемін. Бұл жарысқа ағам, әпкем барлығымыз бірге қатысып отырмыз.

Екі параны жатқа білетін жастардан кейін ортаға 1,5, 1 және жарты параны жатқа білетін ұл-қыздар кезек-кезек шығып отырды. Бәсі биік бәсекені Құран сүрелерін мәнерлеп оқитын шәкірттер тәмамдады.

ХАМЗАТ ӘДІЛБЕКОВ, облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы:
–  Сайыстың мақсаты – еліміздің руханиятын ұрпақтан бастап көтеру. Ұрпағымыз ұлағатты болса, ертең ондай ұрпақ елді алға жетелейтіні сөзсіз. Еліміздің елдігін сақтап қалудың бірден-бір себебі, осы руханиятымызға мығым болуымызда. Әлбетте, ілім мен білім де қажет. Бірақ, егер адамның руханияты мен иманы бар болатын болса ондай елдің болашағы да бар деп ойлаймыз.

Бұл сайысқа дін жанашырлары жергілікті кәсіпкерлер демеушілік көрсетті. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ, жүлдеге ілікпегендерге тәтті-дәмділер таратылды.


Алдияр Айтпаев