Ауыл шаруашылығы

Петропавлда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

 

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:
–  Сенбінің таңы. Сағат 8-дер шамасы. Қазіргі таңда қаламыздың 3 бірдей базарында қызу сауда жүріп жатыр. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне 6 тонна өнім ұсынылған.

 

Табиғи таза өнімдердің бір бөлігі “Алтын арман” базарындағы сөрелерге қойылды. Тұрғындар ауылдың иісі аңқыған сүт пен майды, ет пен балды сатып алу үшін таңнан қалың кезекке тұрды. Қоса кету қажет, бұл жерде Ғ.Мүсірепов, Тимирязев пен Ақжар аудандарынан жеткізілген көл-көсір азық-түлік саудалануда.

–  Арзан бағадағы жәрмеңке халыққа ұнайды.
– Бүгін сары май алу үшін келдім. Жұма сайын келеміз.
–  Әр сенбі сайын ет, сүт, жұмыртқа алу үшін келемін. Дүкендерде де осындай бағалар болса, нұр үстіне нұр болар еді. Мұнда табиғи таза, сапалы, дәмді өнімдер сатылады.

Ғ.Мүсірепов ауданынан әкелінген өнімдер жұртшылықтың зор сұранысына ие болды. Облыс орталығынан шалғайда орналасқан ауылдардан сүт өнімдері мен еттің бірнеше түрі жеткізіліпті.

ВЕРОНИКА МЫШКИНА:
– 10 литр сүт, 10 келі ірімшік ұсынып отырмыз. Сондай-ақ, 80 келі қара мал еті мен бір шошқа етін әкелдік. Бұдан бөлек, қаймақ пен май да сатылып жатыр.

Бағаларға тоқталсақ, жәрмеңкеде қара мал еті – 1800, сүттің литрі – 200, ал ірімшіктің келісі 950 теңгеден сатылуда. Қаймақ – 1850, дәмі ауыздан кетпес сары май 3500 теңге тұрады. Бал болса 2000-2500 теңгеден саудалануда.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
–  Апта сайын жәрмеңкеге өңіріміздің тауар өндірушілері қатысады. Сүт, бал, ет өнімдерінен бөлек, жәрмеңкеге көкөністер де жеткізіледі. Жалпы, мұндағы бағалар нарықтағы бағадан 10-15% төмен.

Өткен жылы қалада мұндай 100-ден астам жәрмеңке өткізіліп, 200 млн теңгенің өнімі сатылды.


Алдияр Айтпаев