ТЖ

Қызылжар ауданында өрттен 2 адам қаза тапты

Өткен демалыс күндері Қызылжар ауданындағы Надежка ауылында жер үй жанып кетті. От 42 шаршы метрді шарпып, ақыры соңы баспанадан түк қалмады. Өрттен 61 жастағы ер адам қаза тапты. Тағы бір оқиға Аққайың ауданында болып, бір адам 2 дәрежелі күйікпен ауруханаға жеткізіледі.
Ер адам ес жимастан көз жұмды.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
– Аққайың ауданында ер адам пеш жағу үшін туристік газ баллонын пайдаланған. Қысымның төмендеуі мен қауіпсіздік ережесін сақтамаудың салдарынан баллон жарылып, азаматтың денесінің 30 пайызын күйік шалған. Ер адам медициналық мекемеде қайтыс болды.

САМАЛ ЖҮНІСОВА, тілші
– Демалыс күндері 8 өрт оқиғасы тіркелді. Құтқарушылардың айтуынша, өрт көбінесе адамдардың абайсыздығынан және өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамауынан болады. Жалпы, жыл басынан бері өңірде 20-дан астам өрт тіркелді.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
–  Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өрт оқиғалары 40 пайызға жиілеп кетті. 70 пайыздан астамы тұрғын үй секторында болды. Жыл басынан бері өрттен 6 адам қаза тапты. Ыстан 3 адам уланып, біреуі көз жұмды.

Соңғы жағдай жуырда М.Жұмабаев ауданында болды. Үйде ерлі-зайыпты болған. Баспана иелері мұржаны уақытынан бұрын жауып тастаған. Әйел аман қалып, күйеуі қаза тапты.


Самал Жунусова