Қоғам

Жоғары әскери оқу орнына мектеп бітіретін түлектер шақырылды

Өңірге алматылық меймандар келді. Бүгін облыс орталығында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері Әскери институтының өкілдері үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Жиынға қаламыздағы 10-11 сынып мектеп оқушылары қатысты. Білім ордасының мамандары жастарды аталған мекемеге оқуға түсуге шақыруда. Институт басшылығының айтуынша, офицерлер қанат қағатын мекемеге қызығушылық танытып жатқан солтүстікқазақстандықтар аз. Қазіргі таңда онда бар-жоғы 6 жерлесіміз білім алып жатыр екен. Бұған жалынды жігіттер мен олардың ата-аналарының білім ордасы жайлы хабары жоқтығы себеп.

ЕЛДОС БОЗҒҰЛОВ, С.Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері Әскери институты бастығының орынбасары, Алматы қаласы:
– Біздің институтқа түскісі келетін талапкерлер ҰБТ-да физика-математика немесе физика-география пәнін таңдау қажет. Жинаған ортақ балл 50 ұпайдан жоғары болуы керек. Денсаулығы медициналық басқарма құжаттарына сәйкес болып, әскери қызметке дайын болса бізге келіп оқуға түсе алады.

Оқу ұзақтығы – 4 жыл. Оқыту тегін түрде жүргізіледі. Жастарға 3 мезгіл ыстық тамақ, киім-кешек беріледі. Сондай-ақ, 1-2 курс курсанттарына 10 мың, 3 және 4 курс жастарына 20 мың теңге көлемінде шәкіртақы беріледі. Оқуын аяқтаған лейтенанттар жұмыспен қамтылады. Жиын барысында мұны залдағы қыз-жігіттер естіп білді. Әділхан Сейтенов қай мамандыққа оқу түсетінін әлі шешкен жоқ. Жасөспірімнің қос салаға көңілі ауып жүр.

ӘДІЛХАН СЕЙТЕНОВ,
– 35 Кездесу ұнады. Бейінді пән ретінде математика-информатиканы таңдадым. Болашақта IT немесе әскери салаға оқуға түскім келеді. Осы екеуінің біреуін таңдаймын.

Институт мамандары тек солтүстікке ғана ат ізін салмады. Өңірімізге дейін олар Абай мен Павлодар облыстарында да үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіпті.


Алдияр Айтпаев