Қоғам

Ынтымақты және базалық зейнетақы индексацияланады

 

Алдағы уақытта ынтымақты және базалық зейнетақы индексацияланады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов мәлім етті.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі
– Әлеуметтік-еңбек саласы – Үкіметтің жұмысындағы басым бағыттардың бірі. Қазір бүкіл әлемде осы саланы реформалау мәселесі маңызды болып тұр. Ол атаулы әлеуметтік қолдауды күшейтуге, оның түрлері мен қызмет көрсету формаларын кеңейтуге бағытталады. Сонымен бірге азаматтарды әлеуметтік көмек алудың мүмкіндігі туралы проактивті түрде хабардар ете отырып, мемлекеттік қызметтерді қолжетімді ету механизмдері енгізілуде. Ал еңбек нарығында жұмысты барынша беріліп істейтін әрі шығармашылыққа бейім, «икемді» дағдыларға сұраныс артып келеді.

Әлихан Смайылов осыған байланысты 2023 жылы Еңбек министрлігінің алдында бірқатар маңызды міндет тұрғанына назар аудартты.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі
– Ең алдымен, Мемлекет басшысының Жолдауында, Үкіметтің кеңейтілген отырысында, сайлауалды бағдарламасында айтылған тапсырмаларды іске асыруға күш жұмылдыру керек. Азаматтардың барлық санаттарын туғаннан бастап қартайған шағына дейінгі әлеуметтік қорғау, сондай-ақ, халықты нәтижелі жұмыспен қамту – біздің ортақ міндетіміз. Өткен жылы бұл бағытта Мемлекет басшысы қойған бірқатар міндет іске асырылды. Зейнетақы, жәрдемақы және әлеуметтік көмек уақытылы төленіп келеді.

Премьер-Министрдің сөзінше, халықты әлеуметтік қорғауға жұмсалған шығыстар 4,4 трлн теңгені құрады. Бұл республикалық бюджеттің 24 пайызын құрайды. Өткен жылы ынтымақты және базалық зейнетақы мөлшері 2 рет индексацияланды. Бұл жұмыс ары қарай да жалғаспақ. Аз қамтылған 724 мың азаматқа атаулы әлеуметтік көмек берілді, деді Әлихан Смайылов.


Дана Ешкенова