Ауыл шаруашылығы

СҚО-да іске асырылған агрожобалар жоғары бағаға ие болды

Қаңтардың 12-сі Премьер-Министрдің орынбасары-Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин еліміздің ірі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері компанияларының, салалық қауымдастықтарының өкілдерімен кездесті. Жиында біздің облыстың тәжірибесі мысалға келтіріліп, мемлекет пен агроөнеркәсіптік кешен арасындағы өзара іс-қимыл жобалары таныстырылды. Айта кетсек, соңғы 2 жылда өңірде 35 жоба іске қосылды. Оның 21-і – тауарлы-сүт фермасы, төртеуі – қой фермасы, 3 құс фабрикасы, 1 шошқа кешені мен 1 майлы дақылдарды қайта өңдеу кәсіпорны. Барлығы «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы пилоттық жоба шеңберінде жеңілдетілген кредиттеудің арқасында жүзеге асырылған. Нәтижесінде облыста шамамен 500 мың тоннадан астам сүт өндірілді. Оң тәжірибені назарға ала отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігі бүкіл ел бойынша тәжірибені одан да тартымды жағдайларға дейін кеңейтуді ұсынды. Қазір өңірлердің әкімдіктері әлеуетті инвесторларды іріктеуде. Кейіннен мемлекеттік органдар, «Атамекен» ҰКП және бизнес өкілдерінен жұмыс топтары құрылады, олар инвестициялық жобаларды таңдап, олардың іске асырылуын қадағалайтын болады.


Алтынай Казиканова