Мәдениет

“Мәңгілік” би ансамблі мерейтойлық концерт өткізді

Жергілікті “Мәңгілік” би ансамбліне биыл – 5 жыл. Осыған орай өнер ұжымы Жастар сарайының концерт залына қалың жұртшылықты жиып, шығармашылық кештерін берді. Өнер десе ішер асын жерге қояр солтүстікқазақстандықтар қолдарына гүл шоқтарын ұстай келіпті. Ағайын концерттің басталуын асыға күтуде.


–  Балалар өркейіп, өсе берсін. Талантты өнерпаздар көп болсын. Немеремнің қатысуымен өтетін концертке бірінші рет келіп отырмын.
–  Жастарымыз жақсы билейді. Оларға денсаулық тілеймін.
– “Мәңгілік” би ансамблінің өнеріне бұған дейін де куә болғам. Бүгін сахнада менің сіңлім де өнер көрсетпек.

Өнерсүйер жерлестерімізді көп күттірмей концерт өз бастауын алды. Сахна шымылдығын “Мәңгілік” би ансамблі “Батырлар ізі” биімен ашты.

Бишілердің ерекше костюмдері көздің жауын алады. Әсіресе, назар бірден өнерпаздардың бастарындағы қазақи нақыштағы бөрікке түседі. Билері де тамаша. Ерекше күйге бөлейді. Бұл биден кейін ортаға кішкентай бүлдіршіндер шықты.

Ортадағы жас бишілердің ішінде Айлин Саду есімді өнерпаз да бар. Ол бүгін үлкен сахнаға алғаш рет шығып отыр. 2 жылдан бері бимен айналысып жүрген қызға көпшілік алдында өз өнерін паш еткен ұнайды екен.

АЙЛИН САДУ, “Ольга мен Михаил” мектеп-студиясының тәрбиеленушісі
–  Маған бимен айналысқан өте қатты ұнайды. Адамдарға шаттық сыйлағым келеді. Бірге өнер көрсетіп жүрген қыздармен де татумыз. Бір-бірімізді қолдап жүреміз.

Бұл биден кейін Айлин сынды сахнаға алғаш рет шығып, өнер көрсеткен бүлдіршіндерге сыйлықтар табысталды. Жалпы, концертте “Мәңгілік” би ансамблі көрермендерге түрлі ұлттардың да биін ұсынды. Олардың шашбауын жергілікті әншілер де көтерді.

МИХАИЛ ЛАХТИН, “Мәңгілік” би ансамблінің жетекшісі
– Биыл “Мәңгілік” би ансамбліне 5 жыл толып отыр және “Ольга мен Михаил” мектеп-студиясына-7 жыл. Осыған дейін ел-елді аралап, жер көріп, талай жарыстарға қатыстық. Әлі талай асуларды бағындырамыз. Жақында тағы да концерт өткізуді жоспарлап отырмыз.

Шара соңында концертке қатысқан өнерпаздар ортаға шықты. Сыйға сый демекші, оларға көрермендер орындарынан тұрып ризашылықтарын білдірді және гүлдерін табыс етті.


Гульден Симбаева