Қоғам

Дүниеге келген әр бала үшін нәзікжандылардың зейнет жасы қысқара ма?

 

Дүниеге келген әр бала үшін нәзікжандылардың зейнет жасын қысқарту қажет. Жуырда Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов әріптестеріне осындай ұсынысты алға тартқан болатын. Оның айтуынша, дүниеге әкелген әр баласы үшін әйелдің зейнетке шығу жасы 2 жылға қысқаруы қажет. Бүгін осы мәселеге қатысты орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингіде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова өз пікірін білдірді.

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
– Қазір біз Аманжан Жамаловтың ұсынысын қарастырып жатырмыз. Бізде білесіздер жұмыс тобы құрылған. Бірақ, бүгінгі қолданыстағы заңда 53-ке келген азаматшаларымыздың 5 баласы болатын болса, сол жасында зейнетке шыға алады. Тіпті, жұмыс істемеген күннің өзінде 4 баладан артық туған аналарға 12 жылдық тәжірибені мемлекет береді. Айта кетейін, бізде зейнетақы еңбек өтіліне және табысына қарап есептеледі. Сондықтан, екеуі де болмаса зейнетақы төмен болады.

Сонымен, бұл сұрақ алдағы уақытта тағы бір мәрте қаралатын болады. Бірақ, министр атап өткен екі мәселе міндетті түрде ескеріледі. Брифинг барысында Тамара Дүйсенова атаулы әлеуметтік көмек алушы балаға арналған азық-түлік себетінің орнына ақша берілетіні жайлы да айтып өтті. Министрдің сөзінше, бұл шешім кепілді әлеуметтік пакет алушылардан мемлекеттік әлеуметтік көмекті ақша форматына ауыстыру туралы ұсыныстар келіп түскендіктен қабылданды. Бұл ретте министр 5 175 теңге балалар алатын атаулы әлеуметтік көмекке қосымша қаражат екенін атап өтті.

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
– Біз атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін ұлғайттық. Өткен жылы АӘК төлеу үшін республикалық бюджеттен 59 млрд теңге бөлінсе, биыл 72 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, жергілікті бюджеттен тағы 20 пайыз қосылып отыр. Егер бұрын 6 мың теңге деңгейінде берілсе, енді 9 мың теңге шамасында болады. Оған қоса тағы 5 175 теңге. Яғни, балаға берілетін азық-түлік себеті 15-16 мың теңге деңгейінде болады.

Биылдан бастап «Күміс жас» жобасы да кеңейтіледі. Яғни, өткен жылы аталған жоба 61 жастан асқан адамдарға арналса, биылдан бастап оған 50 жастан асқандар да қатыса алады. Жыл сайын кемінде 15 мың адамды қамту жоспарланған.

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
– Біз жобаға қатыса алатын тұлғалар ауқымын кеңейттік. Олардың басым бөлігі әйелдер болғандықтан, олар негізінен әлеуметтік жобаларға тартылады. Бұл – жеке көмекшілер, әлеуметтік қызметкерлер, атаулы әлеуметтік көмек жөніндегі кеңесшілер, жұмыспен қамту орталықтарындағы әлеуметтік жұмыс жөніндегі кеңесшілер.

Тамара Дүйсенованың айтуынша, бұл жұмысқа оқу-ағарту, денсаулық сақтау министрліктері де ат салыспақ.


Дана Ешкенова