Қоғам

Шетелдік автокөліктер қаңтардың 23-інен заңдастырыла бастайды

 

Қазір не көп, көлік көп. Соның кейбірі шетелдік. Яғни, иелері өзге елдің нөмірімен жүйткіп жүр. Мұндай темір тұлпарды тізгіндеген жандарға жеткізер маңызды жаңалығымыз бар. Қаңтардың 23-ші жұлдызынан бастап азаматтар республика аумағына өткен жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген машиналарын заңдастыруға құқылы. Қарапайым тілмен айтсақ, жылжымалы мүліктеріне қазақстандық “төлқұжат” рәсімдеуге міндетті. Бұған дейін қоғам арасында жиі көтерілген мәселе бас қалада өткен кезекті брифингіге арқау болды. Журналистермен жүздесуде сала өкілдері тіркеу барысына тоқталды.

ҚАЙСАР СҰЛТАНБАЕВ, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы
– Азамат өз өтінішін онлайн және офлайн форматта білдіре алады. Арнайы орынға келген автокөлік иесінде төлқұжаты, көліктің техникалық куәлігі болуы тиіс.

Жұмыс өте маңызды. Іске жауапты жандар әр құжатты, әр көлікті майшаммен қарауға бекініп отыр. Осы орайда тұрғындарға негізгі талаптарды хабарлаймыз.


Тіркелетін автокөліктерге үш негізгі талап қойылады:
– автокөлік іздеуде болмауы қажет;
– кедендік тазартудан өтуі керек;
– ҚР аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген болуы шарт.

Осы талаптарға толық жауап беретін көліктерді тіркеу 200 мың теңге тұрады. Құжат рәсімдеу барысында тағы техникалық куәлік үшін 4 мың теңдеген астам мемлекеттік баж бен қазақстандық нөмір үшін 9600 теңге
төлеу қажет. Қоса кеткен жөн, шетелдік автокөліктерді заңдастыру рәсімі 1 шілдеге дейін жалғасады.

БАЙБОЛАТ ҚҰЛТАНОВ, тілші:
– Спикерлерлердің сөзінше, дәл қазір ел аумағына өткен жылдың 1 қыркүйегіне дейін нақты қанша шетелдік көлік әкелінгені белгісіз. Бірақ, былтыр 300 мыңнан аса автомобиль қожайынына сақтандыру полистері берілген. Осыған сүйене отырып, шенділер мынандай дерекпен бөлісті: Қазақстанда жүрген шетелдік машиналардың 260 мыңға жуығы Ресейден, 25 мыңнан астамы Қырғызстаннан және 18 мыңы Армениядан әкелініпті.

Осы мыңдаған көлік міндетті түрде заңдастырылуы тиіс. Тіркелмегендер алдағы уақытта анықталып, иелері жауапта тартылады.

ИГОРЬ ЛЕПЕХА, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
–  Заңдастыру аяқталғанша дейін біз ешқандай тексеріс жұмысын жүргізбейміз. Ал аяқталғаннан кейін “Заңсыз жүргізуші” атауымен рейд ұйымдастырамыз. Сол кезде ортақ тәртіпке бағынбаған тұлғалар анықталып, жауапқа тартылатын болады.

Брифингіде спикерлер жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы да баян етті. Өткен жылы еліміздің жолдарында 700 мыңнан астам апат тіркеліпті. Соның 2 мыңға жуығы шетелдік автокөліктердің қатысуымен жасалған. Салдарынан 481 адам қаза жауып, 2237 тұлға жарақат алған.


Байболат Култанов