Қоғам

Әлихан Смайылов: «Кәсіпкерлер қысым көрмеуі үшін Қылмыстық кодексті қайта қарау қажет»

 

Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңес отырысында Үкіметтің инвестициялық блогының жұмысын күшейту жөніндегі ұсыныстар қаралды. Жиында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров өткен жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі шамамен 15 трлн теңге болғанын мәлімдеді. Инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту мақсатында бірсыпыра кешенді шараны іске асыру ұсынылып отыр. Жиында мемлекеттік преференциялар алу үшін органдардың өтінімдерін келісу мерзімін қысқарту және мемлекеттік қолдау шараларына ие болу үшін инвестициялардың шекті көлемін азайту жайында айтылды. Премьер-Министр бұл тәсілдерді қолдады. Сондай-ақ, елдің инвестициялық ахуалын жақсарту жөнінде қосымша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Бұл ретте Үкімет басшысы заңның үстемдігін қамтамасыз ету, яғни құқық қорғау және бақылаушы органдар тарапынан бизнеске қысымды төмендету жөніндегі шараларға баса назар аудару қажеттігін атап өтті.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ,
«Бизнеске қатысты қылмыстық істерді қозғауға түрткі болатын негізсіз себептерді алып тастау үшін Қылмыстық іс жүргізу кодексін қайта қарау қажет. Әділет министрлігіне тиісті тапсырма берілді, бұл жұмысты күшейтіп, аталған мәселені жан-жақты қарастыру керек. Кәсіпкерлер тап болып отырған шынайы проблемаларға тереңірек үңіліп, жылдам әрі нақты нәтиже беретін тиімді шараларды әзірлеу қажет».