Қоғам

2023 жылы 1 млн қазақстандық жұмысқа орналасады

 

 

2023 жылы Қазақстанда шамамен 1 млн адам жұмысқа орналасады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында айтылды. Онда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова министрліктің 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспарын баяндады. Соның ішінде азаматтарды жұмыспен қамту бағытына тоқталды.


ТАМАРА ДҮЙСЕНОВА, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

“Қазіргі геосаяси жағдай, жастардың едәуір ағыны, күтілетін жұмыстан босату және жаңа жұмыс орындарының аз генерациясы ұлттық еңбек нарығының негізгі сын-қатерлері және халықтың нақты табысына әсер ететін факторлар болып табылады. Сондықтан, министрлік жұмысының осы бағытының басты мақсаты отбасының кемінде бір мүшесін ресми жұмыспен қамтамасыз ету және оның әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қатысуы болып айқындалды. Негізгі мақсат – жыл ішінде жастарды, жұмыспен қамтылмаған азаматтарды және мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда шамамен 1 млн адамды жұмысқа орналастыру.”

Министрдің айтуынша, жергілікті атқарушы органдар 15 қаңтарға дейін өңірлік жұмыспен қамту карталарын бекітеді.

­Сонымен қатар, жастарға арналған төмен пайызбен несие беріледі. 6 мың жас азаматқа 5 жылға жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыз болатын 5 млн теңгеге дейін жеңілдікті микрокредиттер берілетін болады. Ерекше қажеттілігі бар жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан жандарға 1,2 млн теңге мөлшерінде 9 мың грант беріледі.


Самал Жунусова