Білім

ҰБТ-ның алғашқы кезеңі бастау алды

 

 

Нұрбол Серіков – болашақ математика пәнінің мұғалімі. Ол қазір Қозыбаев университетінде оқиды. Армандаған оқуына түсу үшін
20 жастағы жігіт былтыр ұлттық бірыңғай тестілеуден өткен. Өкінішке қарай, шекті ұпай жинай алмапты. Дегенмен, оны жергілікті университеттегілер ақылы бөлімге шартты түрде қабылдаған. Талап бойынша студент 1 жылдың ішінде қайтадан емтихан тапсырып, кем дегенде 75 балл жинауы қажет.

НҰРБОЛ СЕРІКОВ, Қозыбаев университетінің студенті
 – Университет бағдарламасы бойынша бізге 2-ші мүмкіндік берілді. Қазір тестілеуден өтуге келдім. Бізде 3 мүмкіндік бар. Егер барлығында тапсыр алмай қалсақ, онда оқудан шығарады. 01:56 Шартты оқу бағдарламасы аясында ақылы білім алып жатырмын. Оқудың айлық ақысы – 45 мың 500 теңге.

Жергілікті университетте шартты түрде оқу тәсілі 2019 жылы пайда болды. Қазір қара шаңырақта мұндай нұсқа арқылы қабылданған 25 студент білім алуда. Оларға емтихан тапсырып, шекті ұпай жинауға 4 мүмкіндік беріледі. Бірақ, сынақтан өту ақылы. Әр тестілеудің құны 4 мың 200 теңге тұрады.

ГҮЛМИРА ОСПАНОВА, Қозыбаев университеті қабылдау департаментінің директоры
 – Олар ҰБТ-ны міндетті түрде тапсырулары тиіс. Педагогика мамандығында оқыса, 75 баллдан кем болмау керек. Ал техникалық мамандық бойынша шекті балл 50-ді құрайды. 4 рет тестілеуден өте алады. Егер қазір бірден өтіп кетсе, олардан шартты түрде оқып жатыр деген статус алынады. Толыққанды студент атана алады.  Университетке грант беріледі. Сол гранттарға бұл студенттер де үміткер бола алады.

Жалпы, Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы толқыны қаңтардың 10-ы күні бастау алды. 1 ай ішінде студенттер мен оқушылар маңызды емтиханды облыс орталығы мен Ғ.Мүсірепов ауданында тапсыра алады. Келесі мүмкіндік наурыз айында берілмек. Айта кетейік, бұл сынақтарда жиналған ұпаймен мектеп түлектері грантқа түсе алмайды. Яғни, ақылы негіздегі оқуға үміт артады.

МАРИНА ИСМАҒАМБЕТОВА, облыстық білім басқармасының бас маманы:
 – Ал тегін білім алғысы келетін жастар өз бақтарын 3-ші лекте, яғни маусым айында сынай алады. Бұл оқушыларға да 2 мүмкіндік беріледі. Оқуға құжат тапсырар кезде түлектер ең көп жоғарғы ұпай сертификатын пайдалана алады. Сынақ барысында 120 тапсырма орындалуы қажет. Пәндердің 3-еуі міндетті болса, 2-еуін ұл-қыздардың өзі таңдайды. Максималды ұпай 140-ты құрайды.

Биыл өңірде 3345 бала мектеп тәмамдайды. Олардың 2 мыңнан астамы ҰБТ тапсыруға ниет білдіріп отыр.