Өнеркәсіп

“Радуга” ЖШС өткен жылды қорытындылады

 

 

“Радуга” серіктестігінің азық-түлік өндірісі фабрикасы 3 цехтан тұрады. Оның ең ірісінің өзі бірнеше учаскеге бөлінген. Бұл жерде жүгері таяқшалары өндіріледі, жарма мен ұн қапталады, тез дайындалатын кеспелерге арналып тұздықтар мен дәмдеуіштер шығарылады. Іске 100-ге тарта адам тартылған. Жұмыс барысын меңгеруші Наталья Тагильцева жіті бақылайды.

НАТАЛЬЯ ТАГИЛЬЦЕВА, “Радуга” ЖШС азық-түлік өндірісі фабрикасының меңгерушісі:
–  Кәсіпорынға 2018 жылы келдім. Әуелде технолог болып еңбек еттім. Қазіргі таңда фабриканың меңгерушісі қызметін атқарамын. 9 учаскені бақылаймын. Мұнда жайлы жағдай жасалған. Серіктестік басшылығы қызметкерлерді тасымалдайтын автобус та ұсынды.

Фабриканың жұмысына жыл артқан сайын қарқын қосылуда. Өнімдеріне тұтынушылар тарапынан да сұраныс көбеюде. Сол себепті, өндіріс орны жаңа жабдықтарды алу арқылы жылдық қуаттылықты ұлғайтып жатыр. Мәселен, өткен жылы цехқа попкорн пісіруге арналған үлкен қазандық қойылған.

НАТАЛЬЯ ТАГИЛЬЦЕВА, “Радуга” ЖШС азық-түлік өндірісі фабрикасының меңгерушісі:
–  Күнделікті 4800 тонна құрғақ таңғы ас өнімін және 2400 тонна жүгері таяқшаларын өндіреміз. Сондай-ақ, 12 тонна ұн мен 6 тонна жарма оралады. Жалпы, фабрикадағы жұмыс қарқыны қызу. Тұралап қалу жоқ.

Алдағы уақытта “Радуга” серіктестігінің азық-түлік өндірісі фабрикасында жаңа желіні іске қосу жоспарланып отыр. Жалпы, өткен жыл бұл компания үшін сәтті аяқталыпты. Барлық жоспарлар орындалған.

ИРИНА ДЕМИДОВА, “Радуга” ЖШС қаржы бөлімінің басшысы:
–  Өткен жылы серіктестік 25 млрд теңгенін өнімін саудалады. Кәсіпорын аумағында 15 мың тоннадан астам тауар өндірілді. 2022 жылы құрылыс материалдары қымбаттап кетсе де соған қарамастан инвестициялық жобаларды тоқтатпадық. Өткен жылы санитарлық-гигиеналық қағаз жасауға арналған нысанның құрылысын аяқтадық.

Алдағы уақытта компания жұмысшылардың жағдайын одан әрі жақсартып, жастарды оқытып, шеберліктерін шындауға мүмкіндік жасамақ. Бескөлде “Радуга”-ға сенімді басқаруға берілген колледж бар. Өткен жылы мекемені 17 студент тәмамдаған. Барлығы да жұмыспен қамтылыпты. Қазіргі таңда компанияда 1600-ден астам адам тер төгеді. Оның 500-ден астамы Петропавлда. Қалғаны серіктестіктің басқа облыстағы филиалдарында еңбек етуде.