Қоғам

Өткен жылы өңірден ел бюджетіне жекешелендіруден 38 млн теңге түсті

 

 

Мемлекеттік мекемелерді тиімді пайдалану. Бұл – мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Былтыр мамандар облыстық статистика департаментінде 4 кабинеттің бос тұрғанын анықтаған. Жалпы көлемі 117 шаршы метр болатын аумаққа жаңадан құрылған басқа ведомствоны орналастырыпты. Мұндай шаруа «Мемлекеттік сараптама» мекемесінде де жүргізілген.

ДАЛАБАЙ ҚАБДУАЛИЕВ, СҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бөлім басшысы:
–  Ол мекемеде біз жалпы көлемі 50 шаршы метр болатын 3 кабинетті босаттық. Орнына СҚО бойынша Адамдар құқығы бойынша уәкілетті органды орналастырдық. Мемлекеттік ғимараттарға жалға алусыз, яғни ақшасыз орналастырылады. Тек коммуналдық төлемдерді өтеп отырады.

Оңтайландыру жұмыстары аудандарда да жүргізілді. Бұрындары ол жақтағы қаржылық және мемлекеттік кірістер басқармалары екі бөлек ғимараттарда отырған. Департамент өкілдері бәрін бір нысанға көшіріпті. Бос қалғанын жергілікті аудан әкімшіліктерінің балансына өткізген.

АЛТЫНАЙ ҚАЗИҚАН, тілші:
– Сонымен қатар, ведомство қызметкерлері бос тұрған үй-жайларды жалға берумен де айналысады. Бұл туралы ақпарат арнайы ашылған порталға жайғастырылады. Өткен жылы жалға беру арқылы республикалық бюджетке 20 млн теңгеге жуық ақша түскен. Қаражат басқа қажеттіліктерге жұмсалады.

Ескірген мемлекеттік мүліктер, яғни компьютер, үстел және автомобильдер де ГосРеестр сайтына саудаға шығарылады. Жекешендірудің нәтижесінде былтыр ел қазынасына 38 млн теңгеден астам қаржы түскен. Департамент сенімгерлік келісім-шартқа отыруды да негізгі бағыт еткен.

ДАЛАБАЙ ҚАБДУАЛИЕВ, СҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бөлім басшысы:
–  Сенімгерлік келісім-шарт бойынша сотталғандар отыратын үй-жайларды сенімгерлік басқаруға береміз. Кәсіпкерлер негізінен ыдыс жасау, техникалық жөндеу орталықтарын ашады. Мысалы, әйелдер отырған жерде киім тігеді. Біз тек үй-жай береміз. Олар сотталғандарды жұмыспен қамтиды.

2022 жылы 12 келісім-шарт жасалған. Яғни, жалпы көлемі 776 шаршы метр үй-жай сенімгерлік басқаруға берілді.