Денсаулық сақтау

Елде ана мен бала денсаулығын сақтау жөніндегі жаңа тұжырымдама бекітіледі

 

 

Елде ана мен бала денсаулығын сақтау жөніндегі жаңа тұжырымдама бекітіледі. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник айтты. Сөзінше, кадр тапшылығы, материалдық-техникалық жарақтандыру мен инфрақұрылымның тозу мәселесі өткір күйінде қалып отыр. Осыны ескере отырып, 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен халықаралық стандарттар бойынша 11 перинаталдық орталық салу мәселесі пысықталуда. Вячеслав Дудниктің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 275 акушер-гинеколог, 323 анестезиолог-реаниматолог, 100 неонатолог жетіспейді. Балалар стационарларында 200 педиатр, 340 анестезиолог-реаниматолог тапшылығы байқалады. Ал өңірімізге неонатолог мамандар әсіресе қажет.

Кадрлық қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында 2022 жылы министрліктен “Акушерлік және гинекология” мамандығы бойынша резидентураның 108 білім беру грантына, “Педиатрия”, “Неонатология”, “Балалар хирургиясы”, “Балалар онкогематологиясы” мамандықтары бойынша 292 грантқа мемлекеттік тапсырыс бөлінді. Өңірлерге 290 жас түлек жіберілді, оның 198-і – балалар дәрігері, 92-сі – акушер-гинеколог.

Вячеслав ДУДНИК, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі