ТКШҚоғам

Бескөлде қар тазалаумен екі мердігер айналысып жатыр

 

Нұрлан Шаймерденов Бескөл ауылында 14 жылдан бері тұрады. Ер адам қар түссе, бірден қолына күрек, сыпырғыш ұстап үйінің ауласын тазалауға кіріседі. Жиналған қарды ол сыртқа қарай ысырып қояды екен, ал көше тазалап жүрген техника оны әп-сәтте тиеп алып кетеді.

НҰРЛАН ШАЙМЕРДЕНОВ, Бескөл ауылының тұрғыны:
– Қызылжар ауданында 2009 жылдан бері тұрамын. Жол бойынша қиындықтар болған жоқ. Соңғы күндері қар жақсы жауды. Бірақ, жүру қиынға соқпады. Қарды тез тазалайды. Түнде де тазалайды екен. Орамымдағы қарды өзім тазалаймын.

Бескөл ауылында 120 көше бар. 120 көшені тазалаумен екі мердігер айналысады. Екеуінде небәрі 5-ақ техника бар, бірақ соның өзі жеткілікті деп отыр ауылдық округ әкімі Қанат Дарбаев. Қарды күрейтін адам саны – 15. Жұмысшылар бел жазбастан түні бойы көше тазалаумен айналысады. Таңғы 8-ге дейін 26 шақырым асфальт ақ ұлпадан арылады, ал топырақты жол қар түскеннен кейін 12 сағат ішінде тазалануы қажет екен.

ҚАНАТ ДАРБАЕВ, Бескөл ауылдық округінің әкімі:
– Бескөл ауылында 85 шақырым ауылішілік жол бар. Оларды тазалап, күтіп ұстау үшін 1-ші қаңтардан бастап жұмыстар басталды. Бескөл ауылын екі ауданға бөлдік. Әр ауданды тазалауға 3,5 млн теңге қаржы бөлінді. Жалпы, 5 дана техника жұмылдырылған. Оған қоса, қарды шығару үшін 3,5 млн теңге қарастырылған.

Іске жауапты жандардың жұмысын аязды ауа райы қиындатты дейді Қанат Дарбаев. Салдарынан техниканың тоқтап қалған сәттері де болыпты. Орталық көшелерге ғана емес, сырттағыларына да баса назар аударылады.
Сондай-ақ, осы аумақта қардан қалқандар құрылады, қар жауып, жел тұрғанда қар бері қарай ауып кетпейді. Қар тағы жауса, оны тазалуға қосымша қаржы қарастырылған.

ҚАНАТ ДАРБАЕВ, Бескөл ауылдық округінің әкімі:
–  Жауапты ұйымдар – «Жігер» мен «Бенсан» жеке кәсіпкерлері. Жұмыстар күні-түні жүргізілуде, ауа райының суықтығына да қарамаймыз. Қазіргі уақытта 120 көшенің барлығы тазаланды.

Мамандар көшелерге, аялдама маңына және жаяу жүргіншілер жолағына көктайғаққа қарсы қоспа себеді. Құм-тұз қоры жеткілікті, 4 айға 20 тоннасы қарастырылған.