Қоғам

Жолдардың қардан тазартылуын кімдер қадағалайды?

 

 

Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының облыстық филиалы республикалық, өңірлік, аудандық маңызы бар жолдардың сапасын бақылаумен айналысады. 2022-нің қараша және желтоқсанында мамандар 30 тексеріс өткізген. Белгілі болғандай, 31 олқылық анықталыпты.

АЛТЫНАЙ ҚАЗИҚАН, тілші
–  Мамандардың тексерісінің нәтижесінде кейбір тас жолдардан қардың уақытылы тазартылмағандығы анықталды. Ақ ұлпаны жолдың дәл жиегіне үйіп кеткен фактілер де тіркеліпті. Ол аздай, қауіпті деген учаскелерге құм-тұз қоспасы себілмеген. Салдары көктайғаққа ұласқан.

Бұдан соң жолды тазартуға тапсырысты алған мердігер ұйымға ұйғарым-хат жолданған. Олқылықты түзеуге белгілі бір уақыт беріліпті. Жыл соңына қарай бәрі реттелді. Бұған көз жеткізу үшін 4 қызметкер жолды тағы бір мәрте тексеріп шыққан.

АЗАМАТ ШУБЕКОВ, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы облыстық филиалының бөлім басшысы:
– Негізі, жолдың 5 категориясы бар. Алғашқысы – 4-6, қалғандары – 2 жолақты автомобиль жолдары. Осыған байланысты олқылықтарды реттеуге нормативтік мерзім бекітіледі. Бірінші категориядағы ұзақтық 2-ден 4 сағатқа дейін, үшінші санаттағыныкі 6-дан 8 сағатқа дейін жалғасады. Жалпы, орын алған олқылықтар көп ұзамай жойылып отырады.

Енді биылғы жылға келейік. Қаңтар айында республикалық жолдарға 2 тексеріс жүргізіліп, 4 ескерту жасалған. Петропавлға кіреберіс пен «Новокаменка-Петерфельд» бағытындағы жолдар да қардан уақытылы тазартылмаса керек. Мердігер қателіктің түзетілгенін хабарлапты. Енді қағаз жүзінде растау қалған.

АЗАМАТ ШУБЕКОВ, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы облыстық филиалының бөлім басшысы:
–  Жолдың сапасын тексеріп отыру үшін арнайы кесте құрылады. Оны біздің филиал мен «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамы келісіп, бекітеді. 1 айда бірнеше рет шығып отырамыз. Тексеріс жұмыстары жазда да жүргізіледі. Бұл уақытта жөндеу көріп, жаңартылған тас жолдың сапасы бақылауға алынады.

Азамат Шубеков жаз мезгілінде жұмыстың қарқыны артатынын айты. Жөндеу барысында қолданылатын материалдардың сапасына дейін назардан тыс қалмайды.