Құқық қорғау органдары

Ұлттық ұланның құрылғанына – 31 жыл

Елім дейтін ерлер – ел қауіпсіздігінің қалқаны. Бүгін ҚР Ұлттық ұланының құрылғанына 31 жыл толды. Айтулы датаға орай Жастар сарайында мерекелік іс-шара өтті. Жиынға Отан алдында адал қызмет етуге ант берген жандар жиылды. Оларды өңір жетекшісінің атынан орынбасары Сәтжан Аблалиев құттықтады.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
–  Қызметтеріңіз маңызды және жауапкершілігі мол. Ұлттық ұланның барлық қызметшілеріне адал еңбектеріңіз бен жоғары қабілеттеріңіз үшін шын жүректен алғыс білдіреміз. Ұлттық гвардия дәстүрін ұлықтаушы және жас буынның дана тәрбиелеушілері – ардагерлерге ерекше алғыс айтамыз. Ашық аспан, зор денсаулық, бақыт тілеймін.

Құттықтау сөзінен кейін Сәтжан Аблалиев бірнеше азаматты облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады. Ұлттық ұлан – ел тыныштығының кепілі. Антына адал жандар күндіз-түні еңбек етеді.

Дінмұхаммед Абылаев бүгін полиция департаменті бастығының грамотасымен марапатталды. Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясында тәлім алған жігіт 2 жылдан бері шен тағынып жүр. Түркістан облысының тумасы 6637 әскери бөлімінде жұмыс істейді.

ДІНМҰХАММЕД АБЫЛАЕВ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімі рота командирінің орынбасары:
– 6637 әскери бөлімі қазіргі таңда қоғамдық тәртіпті күзету, сондай-ақ түзеу мекемелері күзету бойынша жауынгерлік қызметтер атқарады. Қаланың 3 ауданы бойынша жауынгерлік қызметке түседі біздің сарбаздар. Бұл – менің алғашқы марапаттарымның бірі. Алға қарай жүруге ынталандырады деп ойлаймын. 1-38 Қоғамдық тәртіпті күзету барысында Ұлттық ұланның жауынгерлері көптеген қиындықтармен бетпе-бет келеді.

Қазіргі таңда 6637 әскери бөлімінде 350-ге жуық сарбаз Отан алдындағы борышын өтеп жүр, ал мұндағы мамандардың біразы – Ұлттық ұлан академиясының түлектері. Әскери білім ордасына жылына 200-ден астам жас оқуға түседі екен. Салаға қажет білікті кадр даярлауға баса мән беріледі.

ЕРКЕБҰЛАН ЕРСАИНОВ, ҚР ҰҰ академиясының клуб бастығы:
–  Ұлттық ұлан жылдан-жылға санымен ғана емес сапасымен де ілгеріліп келеді. Арнайы бөлімшелерге келіп жатқандар да жетерлік. Еліміздегі жаңа бөлімдермен, полктер және бригадалар ашылуда. Қару-жарақпен қамтамасыз ету ісіне де баса назар аударылуда.

Жалпы, бүгінгі жиында Ұлттық ұлан академиясы мен 6637 әскери бөлімінің 50-ге тарта ардагері мен қызметшілері марапатталды. Шара соңы концертке ұласты.