Балалар

“Сенім” орталығына қолдау қажет

 

Дамир Ахматаковпен жаттықтырушы жұмыс істеп жатыр.
Ерекше балаға 2 жасында ақыл-ойында кемістігі бар диагнозы қойылған. Балақай қазір 3 жаста. “Сенім” орталығына келіп жүргеніне 5 ай болыпты. Баласының өзгелердей екі аяғына тұрып кетуі – анасының арманы. Әуелгі мақсат осы. Татьяна Ахматакованың айтуынша, 5 айлық жаттығу жұмыстарының нәтижесі бар.

 

ТАТЬЯНА АХМАТАКОВА,
–  Жаттығу жұмыстарының нәтижесі біртіндеп байқалып жатыр. Қазір аяғынан ақырындап өзі тұрады. Еркін жүріп кетпейінше орталықтағы сабақтарымызды тоқтатпаймыз. Осы кедергінің еңсергеннен кейінгі асуымыз – сөйлеу қабілетін қалыптастыру. Логопедке барып жүрміз.

Лидия Соболеваның баласына 7 жасында сенсорлық алалия диагнозы қойылған. Баласын емдету үшін бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Тіпті, жеке жаттықтырушы жалдаған.

ЛИДИЯ СОБОЛЕВА,
–  “Сенім” орталығы жайында әлеуметтік желіден білдім. Біраз қарап, сырттай бақылап жүрдім. Баламды осында әкелгеніме өкінбеймін. Логопедтен 3 курс өттік. Маған баламмен қалай жұмыс істеу керектігін үйретті. Ақырындап нәтижесін көріп жатырмын.

«Сенім» орталығының ашылғанына биыл 1 жыл толып отыр. Ұйымға 30-ға жуық ерекше бала мүшелік етеді. Орталық көмегіне жүгінуші жандардың қатары артып барады. Балалардың диагноздары әр түрлі. Олармен кәсіби мамандар айналысуы керек. Мамандарды ата-аналар өздері жалдайды. Осы ретте ата-аналардың мемлекет тарапынан бөлінетін ортопедиялық аяқ-киімге қатысты айтар сындары бар.

АЙГҮЛ ЕШМАНОВА, «Сенім» орталығының ұйымдастырушысы
–  Балалардың кейбірі отырып, ақырындап жүріп те жатыр. Бір мәселе – балаларымызға арналған аяқ киімнің сапасы көңілімізден шықпайды. Себебі, ыңғайсыз әрі тез жыртылып қала береді. Сол себепті, ата-аналар қосылып, сапалы деген бірнешеуін өзіміздің қаражатымызға сатып алдық. Аяқ киімнің өзі 30 мың теңге тұрады. Осы ретте алдағы уақытта демеушілік қолдау көрсетіліп жатса нұр үстіне нұр.

Ата-аналар алдағы уақытта ерекше жандарға арналған балабақша ашуды ойластырып жүр.