Құқық қорғау органдары

Петропавлда пәтер тонаған көкшетаулық қолға түсті

 

 

20 млн теңгеден асатын бағалы дүниені қолды қылған пысықай құрықталды. Өткен жылдың қараша айында облыс орталығында жасалған аса ірі көлемдегі ұрлық ашылды.

Руслан Назаров – СҚО ПД бастығының орынбасары
-Петропавл қаласының тұрғыны полицияға жүгініп, белгісіз біреудің үйінің терезесін сындырып, ішке еніп, зергерлік бұйымдар мен басқа да құнды заттарды ұрлағанын айтып жүгінген. Келтірілген шығын көлемі 20 млн теңгеден асты. 

41 жастағы пысықай Көкшетау қаласының тұрғыны болып шықты. Ол Астана қаласындағы қонақ үйлердің бірінде жасырынып жатқан. Қолды болған бағалы заттар мен ақшаның бір бөлігі тәркіленіп, иесіне қайтарылды.

Руслан Назаров – СҚО ПД бастығының орынбасары
– Криминалдық полиция қызметкерлері жедел іс-шаралар жүргізу кезінде жәбірленуші тұратын ауданда орналасқан барлық бейнебеқылау камераларын тексерді. Орта жастағы ер адам күдік туғызды. Ол туралы ақпаратты Көкшетаудағы әріптестер растады. Ол бұрын бірнеше рет сотталған болып шықты. Ер адам ұсталды. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

Өткен жылы облыста барлығы – 327 пәтер ұрлығы тіркелді. Бүгінгі таңда оның 263-і ашылған.